Баспасөз күні қарсаңында Батыс Қазақстан облысының Қазталов ауылында жерлестері танымал тілші, «Егемен Қазақстан» газетінің ардагері Темір Құсайынды еске алды. Алма Оразбаева атындағы мектеп ғимаратында өткен кездесуге Қазталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов, аудандық мәслихат төрағасы Сәрсенбай Молдашев, аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев, Темір Құсайынның бауырлары Мирлан Нағымұлы, Нұрлан Нағымұлы, ұлы Қуаныш, жергілікті зиялы қауым өкілдері, мекеме басшылары қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Темір Нағымұлы 40 жыл журналистік қызметінің басым бөлігінде «Егемен Қазақстан» газетінің Батыс Қазақстан облысындағы тілшісі болып еңбек етті. Осы кезеңде «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Құрмет» орденімен марапатталды, «Ақпарат саласының үздігі» болды, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының және «Парламент сөзі» арнайы сыйлығының лауреаты, Қазталов ауданының құрметті азаматы атанды.
Танымал тілшінің туған жерінде өткен кеште аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы, еңбек ардагері Уәлиолла Әбішев, бауыры Мирлан Нағымұлы, аудандық мәслихат төрағасы Сәрсенбай Молдашев, аудандық «Ауыл айнасы» газетінің тілшісі Қыдыр Харесұлы Темір аға жайлы естеліктерін ортаға салды. Журналистің өмір жолы мен шығармашылығы жайлы әсерлі әңгімелер айтылды. Шара аясында жақында баспадан шыққан «Егеменнің Темірі» атты кітаптың бір бөлігі аудан кітапханаларына сыйға тартылды.
Қазталов ауданы – «Егемен Қазақстан» газетінің тарихында ерекше орны бар өңір. Өйткені 1919 жылы Орынборда жарық көрген «Ұшқын» газетінің алғашқы редакторлары Халел Есенбаев пен Тамимдар Сафиев дәл осы өңірдің тумасы еді. Тарихи топырақ пен басылым арасында қарым-қатынас әлі де күшті. Газеттің Батыс Қазақстан облысындағы ең көп оқырманы да осы ауданда. Сондықтан да осы жиында «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлының арнайы алғыс хаты аудан әкімі Асланбек Сарқұловқа табысталды.
Кеш барысында жергілікті өнерпаздар Мұрат Ахметов, Ботакөз Мақатов, Оралхан Ерғалиев орындаған әсем әндер еске алу шарасының мазмұнын байыта түсті.
Батыс Қазақстан облысы