Ұлттық музейде литваның әйгілі суретші-композиторы Микалоюс Константинас Чюрлёнистің шығармашылығына арналған көрме ашылды. Қайталанбас туындылары арқылы көрермендерді рухани саяхатқа жетелеген көрме шынында да қызығушылық тудырады.
Әлемде өнер мен музыканы шебер ұштастыра білген санаулы тұлғалар бар. Солардың бірі – осы литвалық суретші әрі композитор, шығармашылығымен өнердің шекарасын кеңейтіп, көркемдік пен музыканың арасында ерекше үйлесімді таба білді. Оның туындылары – тек сурет немесе әуен ғана емес, сезімнің, рухтың, әрі шексіз қиялдың жемісі.
Аталған көрме – Литва мен Қазақстан арасындағы мәдени байланыстың жарқын көрінісі. Онда Чюрлёнистің ең әйгілі кескіндемелік жұмыстары, сондай-ақ музыкалық мұрасынан үзінділер ұсынылды. Зал ішіне орнатылған мультимедиалық инсталляциялар арқылы келушілер шебердің шығармашылық әлеміне терең үңіле алады. Әсіресе, «Сонаталар» сериясындағы картиналар мен «Жұлдыз симфониясы» сияқты туындылар үлкен әсер қалдырды.
Көрменің ашылуына Литва елшілігінің өкілдері, отандық өнертанушылар мен өнерсүйер қауым қатысты. Шара шеңберінде Чюрлёнис шығармашылығы туралы лекциялар мен музыкалық қойылымдар да ұйымдастырылды.
Чюрлёнистің кескіндемелері – мифологияны, пейзажды, абстракция мен символизмді өз бойына жинаған ерекше әлем. Стилі терең эмоцияларға толы, ал композициялары бүгінгі заманауи өнермен үндесе дамып келеді. Ол небәрі 36 жыл өмір сүрсе де, артында 400-ге жуық музыкалық шығарма мен 300-ге жуық сурет қалдырған. Бұл туындылар тек Литваның ғана емес, бүкіл Еуропа өнерінің дамуына әсер еткен.
Автор шығармашылығы литвалық мәдениеттің рухани тірегі саналады. Чюрлёнистің симфонияларынан Литваның табиғаты, өмірі, рухы мен болмысы сезіледі. Ол кезінде көпшіліктің рухани оянуына түрткі болып, адамдарды шабыттандыра білді. Бүгінде есімі Литваның ұлттық символына айналып отыр.
Көрме залын аралап жүріп, өзіңді ертегі әлемінде саяхаттап жүргендей сезінесің. Әр туындының артында өз хикаясы, өз аңызы бардай әсер қалдырады. Бұл көрме тек көзбен көру үшін емес, жүрекпен сезіну үшін жасалған. Астанадағы көрме сол рухани мұрамен жақынырақ танысуға, шабыт алуға және өнердің шексіздігіне көз жеткізуге мүмкіндік береді.
Аружан ҚҰСАЙЫН,
Аққу ДӨНЕШ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері