Алматыдағы «Қазақфильм» киностудиясы павильондарының бірінде «Жұлдызды жол» музыкалық жаңа жобасының түсірілімі басталды. Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша қолға алынған бұл инновациялық тартымды жоба ел ішінде танылмай жүрген жас таланттарды тауып, олардың сахнада өнер көрсетіп, шығармашылығын шыңдауға мүмкіндік беретін бірегейлігімен маңызды.
Ірі өнер орталықтарынан алыста, шалғай өңірдің аудан-ауылдарында елеусіз өмір сүріп жүрген жастар қабілеті бола тұра, өздігінен ауқымды алаңдарға жолдама тауып, кәсіби қолдауды сезіне бермейді. «Жұлдызды жол» жобасы қалтарыста жүрген сол жастарды тауып, көпке таныстырып қана қоймай, сахна талап ететін білім мен қарымды сіңіре отырып, музыкалық әлеуетін дамытуды көздейді. Жаңа ұрпақтың ең жарқын өкілдерін бір алаңға біріктіруді мақсат еткен телевизиялық талант-шоу бағдарламасы ең дарынды жасты іріктеп шығармақ.
«Жұлдызды жолдың» бұған дейінгі осы тектес музыкалық жобалардан басты ерекшелігі – оның үш санаттан тұратыны. Телевизиялық сайыс вокал, классикалық аспаптар және халық аспаптары бойынша сараланады. Бүкіл еліміз бойынша digital-кастинг өткізіліп, үш апта ішінде ұйымдастырушылар елдің түкпір-түкпірінен 354 өтінім қабылдады. Қатысушылар ішінде мектеп оқушылары, студенттер, дарынды жас музыканттар бар. Жобаға вокал санаты бойынша 204 өтінім келіп түскен. Классикалық аспаптар бойынша – 81, ал халық аспаптары бағытында 69 өтінім тіркелді. Іріктеу кезеңінің өзі бірнеше саты бойынша жүргізіліп, мамыр айында қатысушылар онлайн тыңдауға қатысып, олардың өнерін саланың кәсіби мамандары тыңдап, бағалады. Сыннан сүрінбей, сәтті өткен қатысушылар келесі кезеңге жіберілді. Осы қатысушылардың арасынан іріктеліп шыққан 48 адам қазір Алматыға келіп, шығармашылық лагерьде дайындықты бастап кетті», дейді жобаның креативті продюсері Гулахча Акриева.
Үздіктерді анықтайтын музыкалық байқаудың бірінші кезеңіне қатысатын 48 орындаушының өнерін қазылар алқасы мұқият саралап, маңызды шешімін айтады. Ауыр да болса, әр категориядан бір қатысушыдан шығарылып, жеңіс жолындағы жолын жалғастыру үшін үш қатысушы келесі кезеңге өтеді.
«Мықтылардың дуэлі» аталатын жобаның екінші кезеңінде 36 өнерпаз ғана қалады. Бірі қуанып, бірі жабырқап, түрлі көңіл күйді бастан кеше жүріп, осы кезеңге жеткен қатысушыға жүктелер жауапкершілік пен талап та қиындай түседі. Енді әр санаттағы әр эпизод сайын сахнаға 6 қатысушы шығып, жұптасып өнер көрсетеді. Екі өнерпаз ортақ шығарманы орындау арқылы дербес дарынын көрсетіп қана қоймай, сахнадағы серіктесімен үйлесімді өнер көрсете алатынын дәлелдеуі керек. Сахнада өзін сенімді ұстау, шеберлік, қазылар алқасы мен көрермен жүрегін жаулай алу секілді толып жатқан талапты орындай алғандары ең басты кезең – «Көрермен көзайымына» айналу бақытына бастайтын айналымға өтеді. Бұл кезеңде жобада ең мықты, есте қалатын 18 өнерпаз ғана қалады. Соңғы сайыстағы шешуші сәт көрермен дауысы арқылы бағаланады. Ал ақтық мәреге жеткен алты қатысушының бағы әлеуметтік желіде дауыс беретін көрермен талғамына тәуелді болмақ. Ақтық сын – Гала концерт телеарнаның тікелей эфирінде өтіп, шарықтау шегіне жеткен өнер шайқасында көрерменнің сүйіспеншілігіне бөленіп, жеңіске жеткен қатысушының аты-жөні жарияланады. Осылайша, көрермендер қатысушының өнердегі алғашқы қадамынан бастап үлкен сахнаға дейінгі жолына тікелей куә болады.
Жаңа маусымның телевизиялық тұсаукесері биыл қазан айында, күзгі телемаусымға жоспарланған. Жас әртістермен Қанат Омаров, Абылай Тілепберген және Нұргүл Нұғыманова секілді танымал мамандар жұмыс істейді. Олар үздіктерді таңдауға көмектесіп, тәлімгерлік етеді. Ал жобаның жүргізушісі – белгілі эстрада әншісі Әли Оқапов. «Жұлдызды жол – 2025» – жай ғана телевизиялық байқау емес, бұл – ұрпақтарды сабақтастыратын, өңірлерді біріктіретін мәдени қозғалыс. Сахнада жаңа есімдердің танылып, заманауи әуен мен қазақ музыкасының жаңа буынын қалыптастыруға серпін беретін кәсіби мүмкіндік.
АЛМАТЫ