Олар бар болғаны он алтыда. Бірақ жасаған жобалары – ғылымдағы үлкен талпыныс.Талдықорғандағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушылары Сәния Шоқан мен Еңлік Маман шағын барлау роботын жасап, халықаралық байқауда топ жарды. Өз қолымен құрастырған құрылғы Марстағы үңгірлер мен лавалық арналарды анықтауға арналған. Бұл – жас өнертапқыштардың ғылым мен техникаға деген батыл қадамы ғана емес, ел болашағының алтын сәулесі.
Екі қыздың есімі бүгінде ел көлемінде ғана емес, халықаралық деңгейде де танылып келеді. Олар дайындаған LikiSanktum атты шағын робот жобасы Kazakhstan Smart Space 2025 халықаралық байқауында үздік деп танылды. Бұл байқауға алты елден 60-тан астам команда қатысқан.
Жас өнертапқыштардың робототехникаға қызығушылығы мектептегі үйірмеден басталған. Ғарыш тақырыбындағы байқау туралы ұсынысты қыздарға жаттықтырушысы Николай Авдюнин білдірген. Бұл сәттен бастап олар ғылыми ізденіс пен техникалық жобалауға бел шеше кіріскен.
Сәния мен Еңлік бастапқыда жай ғана камерасы бар қондырғы жасаумен шектелуді емес, өзгеше, бірегей нәрсе ойлап табуды мақсат еткен. Ғарыш туралы әдебиеттер мен зерттеу еңбектерін парақтай келе, олардың назары Марстың астындағы лавалық арналар мен үңгірлерге ауған. Бұл кеңістіктер Марсқа қонатын ғарышкерлер үшін радиациядан және құмды дауылдан қорған бола алады.
Осы идея негізінде олар жердің сейсмикалық зерттеу принципіне сүйеніп, арнайы роботтың макетін жасап шығарған. Робот топыраққа діріл жібереді, ал қайтып келетін толқындардың сипатына қарап, астындағы бос кеңістіктерді анықтауға мүмкіндік береді.
Бастысы – қыздар бұл роботты тек қағаз бетінде қалдырмай, өз қолымен жасап шыққан. Жоба барысында 3D-принтерден бастап, дәнекерлеу құрылғылары мен токарь станогына дейінгі түрлі құрал-жабдықтарды қолданған. Сәния жобаның 3D моделін әзірлесе, Еңлік электроника мен бағдарламалау үдерісін басқарған.
«Электроникамен жұмыс істеу маған ерекше ұнайды. Әрбір сымды жалғап, бөлшектердің біртұтас жүйе ретінде қозғала бастаған сәті – ең әсерлі сәттердің бірі болды», дейді Еңлік.
Қыздар роботтың жұмысын тексеру барысында түрлі сынақтар жүргізіп, тіпті әдейі кедергілер жасап көрген. Қазіргі таңда роботтың механикалық бөлігі толық тексерілген, ал жер дірілін танитын сенсорлар мен толқындық сигналдарды өңдейтін жүйе келесі кезеңде енгізілмек.
Оқушылар күн сайын таңертеңнен кешке дейін сабаққа қатысады. Бірақ ғылыми жобаларға уақыт таба білу – олардың ішкі талпынысының, қажырлы еңбегінің дәлелі. Сәния өзін бір орында отыра алмайтын, үнемі әрекетке ұмтылатын адам ретінде сипаттайды. Ал Еңлік нақты бір салада тәжірибе жинау ғылым жолындағы алғашқы дайындық деп біледі.