• RUB:
    6.62
  • USD:
    519.26
  • EUR:
    602.13
Басты сайтқа өту
Инвестиция Бүгін, 09:00

Инвестициялық ахуалды жақсартатын бастамалардың берері мол

30 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің 37-пленарлық отырысын өткізді. Президент сөзінің басында Шетелдік инвесторлар кеңесі мемлекет пен оның халықаралық серіктестері арасындағы стратегиялық ықпалдастықтың сенімді платформасы ретінде алдағы уақытта да қызмет көрсете беретінін атап өтті.

– Аталған форум жиырма жылдан аса уақыт бойы Қазақстанда инвестицияға бағдарланған экожүйе қалыптастыруда маңыз­ды рөл атқарып келеді. Біз Кеңес­тің белсенді қатысуымен елімізде инвес­ти­циялық ахуалды жақсартуға, ашықтық­ты арттыруға және кәсіпкерлік жүргізу шарт­тарын жеңілдетуге бағытталған ке­шен­ді реформаларды одан әрі жалғас­ты­руға ниеттіміз, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, сарапшылар таяу жылдары жаһандық ІЖӨ өсімі шамамен 2,9 пайызға дейін баяулайтынын болжап отыр.

– Бүгінде инфляциялық қысымның күшейгені, жаһандық жеткізу тізбегіндегі кедергілердің және іскерлік ортадағы бағдарсыздықтың артқаны байқалады. Мұндай үрдістер әлем экономикасының перспективасын нашарлата түсуі ықтимал. Бұл халықаралық сындарлы диалогтің қажет екенін көрсетеді. Қазақстан секілді елдердің экономикасы осындай сын-қатерлер кезінде сыртқы дағдарыстарға төтеп бере алды. Биылғы бес айда Қазақстан экономикасы 6 па­йызға өсті. Оған көлік және логистика, құрылыс, сауда, тау-кен өнеркәсібі және өңдеу салалары көп үлес қосты, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Қазақстанның стратегиялық тұрғыдан орналасуы, адами капиталы және реформаларды жан-жақты жүргізуі инвесторларға да, ұлттық экономикаға да мол мүмкіндік береді. Президент инвесторлардың мәселесін «осы жерде және дәл қазір» қағидаты бойынша жедел шешуге бағытталған Инвестициялық штаб қызметіне тоқталды. Аталған штаб 70 млрд долларды құрайтын 137 инвестициялық жобаға қолдау көрсетті. Сондай-ақ заңнамаға инвесторлардың проблемасын жүйелі түрде шешуді көздейтін 140 түзету енгізуге бастамашы болды.

Инвесторлар құқығын қорғауға арналған арнайы «прокурорлық сүзгі» механизмі енгізілді. Биылдан бастап мемлекеттік органдар Бас прокура­тураның алдын ала келісімінсіз инвестор­ларға қатысты тексеру жүргізуге, әкімшілік іс қозғауға, талап арыз беруге немесе қандай да бір шектеу қоюға құқылы емес.

– Біз Ұлттық цифрлық инвести­циялық платформаны іске қостық. Ол инвестицияларға қатысты мемлекеттік қызметтерді «бір терезе» қағидаты бо­йынша біріктіріп, кеңес беруден бас­тап рұқсат алуға дейінгі барлық үдеріс­ті қамтиды. Бұдан бөлек, іскерлік белсен­ділікті ынталандыру және экономикаға жеке инвестиция тарту үшін жаңа Салық кодексі Сенат қарауына енгізілді. Құжат жергілікті өндірісті дамытатын инвесторларға мақсатты жеңілдіктер беруді және қосылған құны жоғары өнім экспорттаушыларды қолдауды қарастырады, – деді Президент.

Мемлекет басшысы инвесторлармен ықпалдастықтың перспективалы бағыттарына, атап айтқанда, Қазақстанның индустриялық әлеуетін дамыту мәселесіне тоқталды.

– Тау-кен саласы еліміздің өңдеу өнеркәсібінің негізгі тірегі болып қала береді. Қазақстан тау-кен өнеркәсібі мен металлургияның жаһандық маңызын түсіне отырып, инвесторларға ашық, жан-жақты заңнама арқылы тұрақты әрі қолайлы юрисдикция қалыптастырды. Жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесінде еліміздегі геологиялық барлау жұмыстарына әлемдік ірі ойыншылар – Rio Tinto, Fortescue, Ivanhoe, First Quantum және Tech Resources компаниялары келді. Жаңа Салық кодексінде шикізатты ел ішінде терең өңдеуді ынталандыратын роялти тәртібі қарастырылады. Еліміздің бай минералды-шикізаттық базасы, жер қойнауын пайдаланудағы зама­науи заңнамасы мен ашық салық жүйесі жаһандық тізбектегі маңызды минералдарды жеткізу бойынша стратегиялық орнымызды қамтамасыз ететініне сенімдіміз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның шикізатты терең өңдеу және жаңа буындағы өнеркәсіптік өндіріс құру жолында батыл қадам жасағанына назар аударды. Мемлекет басшысы Қазақстан теміржол саласына арналған машина жасау бойынша Wabtec, Alstom және Stadler компанияларымен табысты ынтымақтастық орнатқанын жеткізді. Атап айтқанда, Alstom компаниясы елімізде сервистік орталықтар салып, 2028 жылдан бастап локомотивтердің жаңа буынын шығаруды жоспарлап отыр. Wabtec компаниясы балама отынмен жүретін жылжымалы құрамға 200 млн доллар инвестиция құйды. Ал Stadler Rail кәсіпорны өндірістік қуаты жылына 100 вагон шығаратын зауыт салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің жоғары әлеуетіне тоқталды. Еліміз егістікке және жа­йы­лымға жарамды жер көлемі жағы­нан әлемде алтыншы орынды иеленеді, сондай-ақ астық экспорты бойынша жетекші он мемлекеттің қатарына кіреді. Мемлекет басшысы PepsiCo, Fufeng Group және Dalian Hesheng сияқты шетелдік инвес­торлардың табысты қызметін мы­сал­ға келтіріп, олардың жергілікті өнім­ге тұ­рақты сұраныс қалыптастырып, озық тех­нологияларды енгізіп жатқанын айтты.

Президент Қазақстанның көлік инфрақұрылымын кешенді жаңғырту арқылы стратегиялық транзиттік хаб ретіндегі мәртебесін нығайтуға баса мән беретінін жеткізді.

– Жоспарға сәйкес, 2029 жылға дейін 11 мың шақырым теміржол жаңғыртылып, жаңа 5 мың шақырым теміржол салынбақ. Биыл «Достық – Мойынты» учаскесінде жалпы ұзындығы 830 шақырым болатын теміржол іске қосылады. Жоспарланған мерзімінен екі жыл бұрын пайдалануға берілген стратегиялық маңызды бағыт өткізу қабілетін бес есе арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ «Дарбаза – Мақтаарал», «Мойынты – Қызылжар», «Алтынкөл – Жетіген» секілді бірқатар дәліздерді кеңейтуді көздеп отырмыз. Аталған жобаларды жүзеге асыру арқылы Қазақстанның теміржолдары арқылы өтетін жүк көлемін ұлғайтуға мүмкіндік аламыз. Сонымен қатар автожол инфрақұрылымының сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған жұмыстар атқарылып жатыр. Былтыр «Талдықорған – Өскемен», «Қарағанды – Алматы» және «Ақтөбе – Атырау – Астрахан» сияқты үш халықаралық ірі автожол қолданысқа берілді. Осылайша, еліміздегі халықаралық автокөлік дәлізі 1 600 шақырымға артты. Бұл 2023 жылы ел игілігіне берілген жолдардан екі есе көп. Биыл Қазақстан бойынша 13 мың шақырымнан аса автожол салынып, жөндеу жұмыстары жүргізіледі, – деді Президент.

Сондай-ақ Алматы, Қызылорда және Шымкент әуежайларында жаңа халықаралық терминалдар ашылып, олардың өткізу қабілеті алты есе ұлғайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның БҰҰ рейтингінде цифрландыру көрсеткіші бойынша әлемдегі көшбасшы 30 елдің санатына кіретінін еске салды. Президент 2018 жылдан бері елдегі финтех-компаниялар саны 4 есеге артқанын, криптобиржалар мен төлем жүйелерін қоса алғанда «Астана» халықаралық қаржы орталығында тіркелген компаниялар саны 4 мыңнан асқанын айтты. Мемлекет басшысы халықаралық серіктестерді цифрлық және жасанды интеллект инфрақұрылымдарын дамыту бағытында бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

– АХҚО Шығыс Еуропа мен Орталық Азия бойынша Жаһандық қаржы орталықтары индексінде бірінші орынды иеленеді. Сондай-ақ жасыл және цифрлық қаржы бойынша өңірде көшбасшы саналады. Еліміздегі транзакциялардың 89 пайызы қолма-қол ақшасыз жүзеге асырылады. Ал кейінгі төрт жылда мобильді банкингті қолдану 460 пайызға өскен. Біз CryptoCity жаңашыл пилоттық аймағын құруды жоспарлап отырмыз. Онда тауар сатып алуға, қызметтер мен басқа да мақсаттарға криптовалютаны пайдалануға болады. Еліміз үшін жасанды интеллектіні ілгерілетудің стратегиялық маңызы зор. Жасанды зерде – мемлекеттің болашақ дамуының, бәсекеге қабілеттілігінің және цифрлық егемендігінің басты факторы, – деді Мемлекет басшысы.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет пен жеке сектор арасындағы ұзақмерзімді өзара тиімді ынтымақтастық тұрақты және инклюзивті экономикалық өсімді қамтамасыз етуде басты рөл атқаратынына сенім білдірді.

Жиында Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассо, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, «Қазақстанның шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығының басқарма төрағасы Ерлан Досымбеков, Азия даму банкінің вице-президенті Бхаргав Дасгупта, VEON тобының бас атқарушы директоры Каан Терзиоглу, CNPC вице-президенті Чжан Даовэй, Alstom компаниясының Африка, Таяу Шығыс және Орталық Азия өңірлері бойынша президенті Мартан Вожур сөз сөйледі.