• RUB:
    6.62
  • USD:
    519.26
  • EUR:
    602.13
Басты сайтқа өту
Заң мен Тәртіп Бүгін, 09:40

Тұтынушы құқы қалай қорғалады?

20 рет
көрсетілді

Күнделікті өмірде кездесетін мәселенің бірі – тұтынушы құқы­ның бұзылуы. Маңдай тер, табан ақымен тапқан тиынын санап жүрген көптеген тұтынушы сауда орындары мен интернет арқылы сатушылардың қитұрқы әрекеттеріне ұшырап, зар илеп қалып жатқан жағдай аз емес. Осындай келең­сіз­­дік­тер­ді ескерген Үкімет «Қазақстан Республикасының Әкім­­шілік құқық бұзушылық туралы» кодексіне өзгерістер мен толық­тыру­лар енгізу туралы» заң жобасын дайындап, оны Парламент қабыл­да­ған соң, осы жылдың 10 қаңтарында Президент қол қойды.

Осы заңмен тұтынушылардың құқығын бұзғаны үшін салына­тын санкциялар күшейтілді. Бұрын кәсіпкерлік субъектілері «ескерту» түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылса, енді жаңа заңға сәйкес белгіленген мерзімде тиісті емес сападағы тауарды айырбастауды немесе қайтаруды қамтамасыз ету, сондай-ақ тұтынушының құқықтары мен заңды мүдделеріне қатысты бұзу­шылықтарды жою туралы нара­зылыққа жазбаша жауап жазу міндеттерін орындамағаны үшін жеке тұлғаларға – 5, шағын кәсіп­кер­лік субъектілеріне – 10, орта кәсіп­керлік субъектілеріне – 15, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 25 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөл­шерінде айыппұл салынатын болды. Егер әкiмшiлiк жаза қол­данылғаннан кейiн осындай әре­кет бiр жыл iшiнде қайталанса, айыппұл мөлшері екі есе өседі.

Сондай-ақ «Әкімшілік құқық бұзу­шылық туралы» кодекс­ке ен­гізілген өзгерістер мен толық­тыру­ларға сәйкес тұтыну­шы­лардың құқын қорғау сала­сын­дағы уәкілетті органның құзыретіне әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау енгізілді. Енді сауда қызметін және қызмет­тер көрсетуді жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлердің немесе ұйым­дардың тауар сатқанда кем өлшеуі, таразыдан жеуі, есептен жеуі, көрсетілетін қызметтің шалалығы немесе сапасының төмендігіне байланысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық iстердi қарауға және әкімшілік жазалар қолдануға тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органның басшысы, оның орынбасарлары, аумақтық бөлімшелердің басшылары мен олардың орынбасарлары құқылы болды. Осының өзі сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау қызметінің беделін көтеріп, ықпалын арттырды. Нақты айтқанда, олар енді 1 АЕК-ке дейінгі мөлшерде елеулі емес нұқсан келтіру фактілері бойын­ша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарайды. Ал тұтыну­шыға бұдан көп, ірі мөлшерде нұқсан келтірілген болса, мұндай әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді ішкі істер органдары қарайды. Айта кетерлігі сол, заң бойынша бір айлық есептік көрсеткіштен асатын сома – елеулі мөлшердегі нұқсан, ал үш айлық есептік көрсеткіш сомасы ірі мөлшердегі нұқсан деп танылды.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау және ішкі нарықты сапасыз және қауіпті өнімдерден сақтауды қарастырған «Тұтынушылардың құқық­тарын қорғау туралы» заң жобасы Парламент Мәжі­лісінде бірінші оқылымда мақұл­данып, екінші оқылымға қа­рауға шығарылды. Оған енгі­зіл­ген мәселелер қатарында тұтынушылардың құқықтарын қорғау деңгейінің артуы, сонымен қатар тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігіне азаматтардан түсетін шағымдарды қарау үдерістерінің тиімділігін арттыру да бар.

Біз Сауда және интеграция министрлігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Ләзім Мияшеваға жолығып, осы мәсе­ле­лер­дің облыстағы жай-күйін сұраған едік.

«2025 жылдың 5 айында тұ­ты­ну­шылардан 178 өтініш-шағым­ түсті. Оның 47,7%-ы қа­нағаттандырылды, 18,5%-ы құзыреті шегінде басқа мемлекеттік органдарға жіберілді, 5,6%-ы мәселенің оң шешілуіне байланысты тұтынушыларға кері қайтарылды, қалған өтініштер бойынша түсініктемелер берілді. Шағымдардың растығын тексеру үшін жоспардан тыс 19 тексеру жүргізілді. Салалар бойынша ең көп шағымдар бөлшек саудада – 38,8%, электрондық сауда – 29,2%, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық – 5,6%, тұрмыстық қызмет көрсету 3,9% деңгейінде байқалады. Тұтынушылардың шағымдары негізінен кәсіпкерлік субъектілерінің «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» за­ңында белгіленген міндеттерді тиісінше орындамауы­мен байланысты. Атап айтқанда, сапасыз тауарларды айырбастаудан немесе қайтарудан заңсыз бас тарту, тұтынушының жазбаша наразылығына жауап бермеу, сапасыз тауарды сату, витринадағы және кассалық чектегі бағаның айырмашылығы және т.б.», деді Л.Мияшева.

Мысал ретінде ол бір зейнеткер әйелдің 986 мың теңгеге сатып алған есту аппаратының сапасыз болып, төленген ақшаны қайтаруға жәрдемдесу туралы өтінішін қарастырғандарын айтты. Өзі төленген ақшасын қайтаруды талап етіп, бірнеше рет хабарласқанымен сатушы өз міндеттемесін орындау­дан барлық жолмен жалтарған. Департамент қызметкерлері жәбірленушіге осы соманы қайтартқан және өз міндеттерін орын­дамағаны үшін ЖШС-ні әкім­шілік жауаптылыққа тартқан. Қысқартылған іс жүргізу тәртібі­мен орта кәсіпкерлік субъектісіне 7,5 АЕК (29 490 теңге) көлемінде әкімшілік айыппұл төлеткен.

 

Солтүстік Қазақстан облысы