Еліміздің VI Жастар спорттық ойындары бағдарламасы аясында үстел теннисінен Павлодарда өткен жарыста Алан Құрманғалиев абсолютті чемпион атағына қол жеткізді.
Жарысты 18 жастағы Қарағанды өңірінің тумасы 3 алтын, 1 қола медальмен қорытындылады. Алан алғашында жекелеген сайыста алдына жан салмады. Финалда Қадырәлі Қабдылуахитовті (Павлодар) қапы қалдырды. Темірлан Жиенбаев (ШҚО) пен Тимофей Герасименко (Астана) үшінші орынды иеленді. Одан кейін жұптық жарыста А.Құрманғалиев пен Әмір Торғайбеков жеңімпаз атанды. Қарағандылық қос өрен шешуші тұста Шығыс Қазақстан облысынан келген Темірлан Жиенбаев пен Арнұр Оралхановтан басым түсті. Қола медальды Қадырәлі Қабдылуахитов/Әмір Амангелді (Павлодар), Абдулла Мамай/Дамир Сәрсенбай (Алматы) еншіледі.
Аралас жұптар бәсекесінде Алан Жанерке Көшкімбаевамен бірге өнер көрсетіп, бұл жолы да ешкімге дес бермеді. Финалда олар Абдулла Мамай мен Сарвиноз Мірқадыровадан (Алматы) айласын асырды. Командалық сайыста Қарағанды облысы үшінші сатыға тұрақтады.
Қыздар арасындағы бәсекеде алматылық Сарвиноз Мірқадыроваға тең келер ешкім табылмады. Одан кейінгі орындарға Жанерке Көшкімбаева (Қарағанды), Гузель Торшаева (Алматы), Альбина Жақсылықова (Қарағанды) жайғасты. Жұптық жарыста Ноила Ханиязова мен Шахзода Ахмадалиева (Түркістан) алтыннан алқа тақты.