Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Атырау облысы, «Ақжайық» резерватындағы қамыс өрті бүгін, 24 маусымда сағат 14:00 шамасында толық сөндірілген, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватындағы өрт 13 маусымда тұтанған еді. Жалын шамамен 1510 гектар аумақты шарпыған.
«Өрт тұтанған 13 маусымнан бері «Қазавиақұтқару» АҚ-ның МИ-8 екі тікұшағымен 396 тонна су төгілді. Тракторлармен минералды жолақ жыртылды. Жалынның қайта тұтанбауы тұрақты бақылауға алынды. Осы мақсатта төтенше жағдайлар департаментінің, полиция және резерват қызметкерлерінің кезекшілігі әлі де жалғасады. Кезекшілік тәулік бойы атқарылады», деп мәлімдеді баспасөз қызметінен.
Қамыс өртін сөндіруге 200-ге жуық адам мен 40 техника тартылған.