Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің 37-ші пленарлық отырысында Қазақстанның шикізатты терең өңдеу және жаңа буындағы өнеркәсіптік өндіріс құру жолында батыл қадам жасағанына назар аударды, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қазақстан теміржол саласына арналған машина жасау бойынша Wabtec, Alstom және Stadler компанияларымен табысты ынтымақтастық орнатқанын жеткізді. Атап айтқанда, Alstom компаниясы елімізде сервистік орталықтар салып, 2028 жылдан бастап локомотивтердің жаңа буынын шығаруды жоспарлап отыр. Wabtec компаниясы балама отынмен жүретін жылжымалы құрамға 200 миллион доллар инвестиция құйды. Ал Stadler Rail кәсіпорны өндірістік қуаты жылына 100 вагон шығаратын зауыт салды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің жоғары әлеуетіне тоқталды. Еліміз егістікке және жайылымға жарамды жер көлемі жағынан әлемде алтыншы орынды иеленеді, сондай-ақ астық экспорты бойынша жетекші он мемлекеттің қатарына кіреді. Мемлекет басшысы PepsiCo, Fufeng Group және Dalian Hesheng сияқты шетелдік инвесторлардың табысты қызметін мысалға келтіріп, олардың жергілікті өнімге тұрақты сұраныс қалыптастырып, озық технологияларды енгізіп жатқанын айтты.