• RUB:
    6.69
  • USD:
    523.46
  • EUR:
    600.04
Басты сайтқа өту
Мирас Бүгін, 08:50

«Көкмайса» Ұлытаудың бөктерінде...

60 рет
көрсетілді

Ұлт ұясы атанған Ұлытау облысы Ұлытау ауданының Болатсай баурайында «Көкмайса» ұлттық тағамдар мен салт-дәстүрлер фестивалі дүркіреп өтті.

Фестивальдың негізін кезін­де өлкетанушы, тарихшы Бақ­тияр Қожах­метов қалаған болатын. Содан бері дәстүрлі түрде жал­ғасын тауып келеді.

Фестиваль театрландырылған «Қы­мыз­­мұрындық» қойылы­мы­мен ашыл­ды. Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков жиналған жұртшылықты мерекемен құт­тықтап, ұлттық рух пен мәдени мұ­раның ұрпақ сабақтастығындағы маңызына тоқталды.

Астана қаласынан келген «Жошы» этно-фольклорлық ансамблінің орын­дауындағы «Алаш ұраны» күйі, «Қы­мыз­­мұ­рындық» қызықтарын тама­­­­ша­лауға келген елді елең еткізді. Этно-фольклорлық ансамбльдің орын­дауын­дағы «Жолбарыстың жортуы», «Жошы­ның жорығы», «Сардар», «Алтын бесік», «Намыс» күйлері тарихқа толы қазыналы қарт Ұлытаудың бөктерін дүбірге бөледі. Тыңдарманның бойында туған жеріне, еліне деген отаншылдық сезім ойнады.

Жалпыхалықтық қымыз­мұ­рындық дәстүрі – бие байлау рәсімінен басталады. Алғашқы бие байланып, желі тартылатын күн. Қымыз мерекесіне жиналған қауым «бие байлау» рәсімін тамашалады. Желі тартуға қазықтар қағылды. Қазықтың басына, желіге, құлынның құйрығына, маңдайына, биенің сауырына сары май жағылып, «ақтарың мол болсын, тіл-көзден сақтасын!», деп бата берілді. «Уа, жиналған халайық! Бие байлар көбейсін. Дәс­түріміз жалғассын! Айтқан тілектеріңіз қабыл болсын!» деген үлкендердің бата­сынан кейін құлын емізіліп, бие сауылды.

Одан кейін «Күбі ыстау», «Қымыз ашыту» дәстүрлері көр­сетіліп, арнайы дайындалған 500 литр қымыз келген қонақтарға тегін таратылды.

Көп кешікпей ұлттық спорт түр­лерінен сайыс басталды. Спортсүйер қауым жан-жақта болып жатқан жарысқа жанкүйер болды. Қазақша күрес, қатын күрес, садақ ату, найза лақтыру, жілік сындыру, қошқар көтеру, асық ату, желке тартыс секілді ұлттық ойындарды қызықтаған жастар қиқулап, қошеметтеп сайысқа түскендерге демеу көрсетті. Қазақша күрес жеңімпазына – 700 мың теңге, қатын күресі жеңімпазына 300 мың теңге берді. Қалғандары 100 мың теңгені қанағат тұтты.

«Ет мешкейі» бәсекесіне де қызы­ғушылық танытқандар көп болды. Етжегіштер жарысына қатысқан адам­дардың алдына бір­дей табақтарға са­лынған, алдын ала өлшенген қара кесегі мен майының көлемі бірдей ет салынған табақтар қойылды.

Орталық алаңда тігілген киіз үйлерде қолөнер, киіз басу, ши тоқу, арқан есу, қамшы өру, ұлттық аспаптар жасау бо­йынша шеберлік сыныбы ұсынылды.

Думанға жиналғандар киіз үйдің біріндегі «Қымыз мерекесі» фотокөрмесін тамашалады. Мұнда осыған дейінгі атал­ған мерекелерді паш еткен сапалы суреттер сөйледі. Сонымен қатар ат-әбзелдер, құрақ көрпе, ұлттық киім, этно әшекей, қымыз жасауға қажетті ыдыс-аяқ, құрал-саймандар көрмесі көз тартады.

Ұлт аспаптар көрмесі қойыл­ған киіз үйде қатар-қатар тізілген домбыраларды тамашалап тұр едім. Қасыма келген өнер зерттеушісі, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Серік Оспанов: «Мынау Қазақстанның Халық әртісі Мағауия Хамзиннің өзі жасаған домбырасы. Ол кісі классикалық музыка ойнаған кезде пернелерін домбыра шанағының бетіне дейін созып жіберген. Одан кейінгі ақын, композитор Кәкімбек Салықовтың домбырасы. Қатарында тұрған өнертанушы, профессор Ақселеу Сейдімбектің өз қолымен жасаған домбырасы. Анау аға досым, жыршы-термеші Шынболат Діл­дебаевтың, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Мұхаметжан Тілеухановтың, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалым Мұхамединнің домбырасы. Мынау айтыскер ақын Дүйсенбай Жұмасейітовтің бала кезінде ұстаған домбырасы. Үйінде тұр екен, алып кетіп, реставрация жасаттым. Менде Қазақстанның Халық әртісі Нұрғиса Тілендиевтің, Қазақстанның Еңбек ері Қайрат Байбосыновтың домбыралары бар. Домбыраларды жинауға әуеспін. Болашақта Ұлытау облысы көле­мінде ұлыларға арналған қазақтың ұлттық аспаптарының музейін ашпақ ойым бар», деді.

Жезқазған қаласындағы облыс­­тық музейде суретші-безен­ді­­руші болып істейтін Сәбира Әбдіқадырқызы қазақтың әр жас шамасындағы адамдардың бас киімдерін тігеді, әшекей жасаумен айналысады. Осы жолы ұлттық киімдер көрмесіне өзі тіккен кимешек, үкілі бөрік, сәукеле, қа­саба, балалар тақияларын әкелген екен.

Ұлытау аудандық Мәдениет үйі кадр бө­лімінің меңгерушісі Жанар Бегаева құ­рақ көрпелерін көпшілікке таныстырды.

Балқия Тұрысбекова – Сәт­баев қала­сындағы №7 жалпы білім беретін мектепте көркем еңбек пәнінің мұғалімі. Сәтбаев қаласының Кеншілер сарайы жанында өзі жүргізетін үйірмесі бар. Ол таза киіз басу­мен айналысады. Картиналар жасайды. Үйірмеде оқушыларды қолөнерге бау­­лып жүр. Көрмеге оқушылардың қо­лы­­н­ан шыққан жұмыстарын әкеліпті. Онда өнерлі өрендер туған өлкесінің әде­мі табиғатын бейнелеген мозаикалар жа­са­ған.

«Жақында Алматы қаласында үшінші рет аламан құрақтан жарыс болады. Оған 600-дей қыз-келіншек қатысады. Соған біз шиден құрақ жасап, дайын­да­дық. Аламан шарты бойынша 600 адамның көрпешелерін қию­ластырып, үлкен кілем пайда бо­лады. Бүгінгі фестивальға алғаш рет осы құрақ көрпені әкеліп отырмын», дейді Балқия Тұрысбекова.

Ат-әбзелдер көрмесінде қам­шы­ның бірнеше түрі қойылған. Ұлытау ауданындағы №1 орта мектепте күзетші болып істейтін Марғұлан Балабиев бос уақытында қамшы өреді. Ықыласты бала­ға қамшыны өріп үйретіп те жүр.

Марғұлан қамшыларды таныстыра бас­тады. «Мына қамшы атқа салт мінгенде қолданылады. Бәйгеге шап­қанда қол­данылатын бәй­ге қамшы, көк­пардың қам­­шысы, ұзын қамшы – ат арбаның қам­шысы, ұзындығы 2-3 метрдей болады. Мынау таза қайыс, қолдан иленген. Ер-тоқым әбзелдерін қолдан істеймін. Арқан есемін», деді шебер.

Тарихты қойнауына жасырған Ұлы­тау көгінде ән мен күй қал­қыды.

Сахна сәнін келтірген Бексұлтан Барақ­бай, Ақжол Әмірхан, Тайжан Қал­­ма­­­ғамбетов атындағы филармония әнші­лері, «Алтын Орда» ұлт аспаптар ансамблі, Жаңаарқа ауданы Мәдени-сауық орталығының әншілері, «Кенші­лер сазы» фоль­клорлық ансамблі, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Рес­пуб­­ликасы Президенті оркестрының же­текші әншісі Досымжан Таңатаров сияқты саң­лақтардың өнеріне халық тәнті болды.

«Көкмайса» фестивалінде баба­ла­рымыздың кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдырып кеткен салт-дәстүрі жаңғырды. Осындай фестиваль туризмді дамытуға, мәдени байланысты нығайтуға, жас­тардың ұлттық мұраға деген қызы­ғу­шылығын арттыруға септігін тигізеді.

Ықылым заманнан келе жатқан мұ­рамыз ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып қала бермек.

 

Ұлытау облысы