Мына бір фото соғыс жылдары Қызыл Армияның Әскери әуе кұштерінің үнпарағы «Сталинский сокол» (жауапты редакторы В.П.Масковский) газетінің 1944 жылғы 5 желтоқсан күнгі №98 (292) санына жарияланыпты. Жәдігердің астына: «Бірінші Прибалтика майданы. Қазақ экипажы. Звено командирі үш орденді гвардия аға лейтенанты Есіркепов – 100 дүркін жауынгерлік ұшу жасаған. Звено штурманы гвардия лейтенанты Имашев – 50 дүркін жауынгерлік ұшу жасаған. Екі орденді радист-атқыш гвардия сержанты Тәжібаев 30 дүркін жауынгерлік ұшу жасаған. Барлығы – Сталинград, Белоруссия, Прибалтика шайқастарына қатысқан. Суретті түсірген И.Фигурова», деп жазылыпты.
Бұл үш тұлға – Екінші дүниежүзілік соғыста «Қазақ экипажы» атанған ұшқыштар. Отан соғысы тарихында үш қазақ бір ұшаққа отырып, қатардан қалыспай ерлік көрсетіп, күллі майданға үлгі болған оқиға бұдан басқа жоқ. Онымен қоймай осы үш қазақтың екеуі Байтұрсын Есіркепов пен Қадес Имашев соғыстан аман оралыпты. Радист-атқыш сержант Төлебай Тәжібаев майдан даласында қаза тапқан.
Екінші дүниежүзілік соғыс тарихында өшпес із қалдырған қазақ экипажы 1942 жылы 17 тамыз күні алғаш рет жауынгерлік сапарға аттаныпты. Бұл оқиға туралы 2005 жылы Өскемен қаласында жарық көрген Елтай Елғонның «Жеңіс жолында от кешкендер» атты кітабында: «ПЕ-2 шүйілгіш бомбалаушы – өте айбарлы ұшақ. Ішінде үш қазақ рухтанып отыр. Кенет ұшақты әлдебір жойқын күш солқ еткізіп, көтеріп тастады. Радист ұшаққа оқ тиді деп ойлады. Сөйтсе, штурман барлық бомбаны бір-ақ тастап жіберген екен. Төменгі орман қара түтін мен шаңға оранды. Кей тұста өртеген от жалыны көрінеді. Ұшақ зенит снарядтарының құрсауында келе жатыр. Бір ғажабы ұшаққа бірде-бір оқ тиген жоқ... Атқыш көз салып еді, немістің «мессерлері» шабуылдап келе жатыр екен. Олардың жолын «ЯК»-тар кесуге ұмтылды. Сөйтіп, аспанда айқас басталды. Зеңбірек пен пулемет оқтары аспанды тілгілеуде. Төлебай пулеметін олай-бұлай бұрып, жай отыр. Атайын десе, қапталдасып келіп қалған өз полкінің ұшақтары бөгет болуда. Төлебай жерден бақылап отырған командирдің радиостансадағы сөзінен жаудың 25 жойғыш ұшағы шабуылға шыққанын білді.
– Атқыштар төменде жау жойғыштары, оларды атып, шепке жақындатпаңдар, – деген полк командирінің бұйрығы естілді. Ұшақ тізгіні экипаж командирі Есіркеповтің қолында. Ол бар күшін сарқып ұшып келеді. Кенет қапталдасып келе жатқан полк ұшақтарының бірі отқа оранды. – Төлебай ат, – деген Қадестің ышқынған даусы естілді. Пулемет дүрілдеп қоя берді. Кенет жаудың ұшағын қуған ЯК шыға келеді. Төлебай оған оқ дарытып алармын деген күдікпен атуды доғарды. Төменгі жақтан «абайлаңдар, төменде жау ұшақтары» деген дауыс естілді. Заматта екі «фоккер» бұларға шүйіліп жетті. Төлебай пулеметке жабысып жау ұшағын атқылап жатыр. Жалпы, әуе шайқасы көпке созылмайды. Жау ұшақтары жайына кетті. Үш қазақ аман-есен жерге оралды» деп жазады.
Қазақ экипажы соғыс нағыз қызып тұрған 1943 жылдың жазында Сталинград майданына қатысып, сағатына 600 км ұшатын немістің «Фокке-вульф – 190А» жойып, ерлік көрсетіп, одан кейін Прибалтиканы жаудан азат етеді.
Сөйтіп, 1944 жылдың тамыз айында «Қазақ экипажы» құрылғанына екі жыл толады. Бұл оқиғаны полк ұшқыштары атап өтеді. Полк командирінің саяси жұмыс жөніндегі орынбасары К.П.Финогенов осы отырыста Жамбылдың: «Ерлер көкте шырқаған, Болат құсың самғаған, Серік болып бұлтпен, Жау үрейін ұшырған, Көктен жасын түсіріп, Жау тынысын бітеген», деген жыр жолдарын орысша жатқа оқып, қазақ жігіттерін құттықтайды. Қазақ экипажы сол күні полктің жауынгерлік туы алдына фотоға түседі. «Сталинский сокол» газетіне жарияланған фото осы.
Содан 1945 жылдың сәуір айында қазақ экипажы эскадрильямен бірге жаудың шебін талқандауға аттанады. Ұшқыштар белгіленген арақашықтықты сақтап, ұшып келе жатады. Экипаж командирі Есіркепов тежегіш торды босатып, ұшағын шаншылта төмен зымыратады. Командирдің қимылын басқалар қайталайды. Жауға шүйілген ұшқыштар пулеметтен оқ жаудырды.
Кенет жарқ етіп шағылысқан жарық Байтұрсынның бетіне ұрды. Штурвал қолынан шығып кетті. Бар күшімен құлдырап бара жатқан машинаны еңсеруге тырысты. Ұшақ ептеп көндікті. Бұларға оқ атқан «фоккерге» арттағы ұшақтар тап береді.
– Командир, мен жараландым, – деді Төлебай Тәжібаев.
– Шыда, – деді командир Есіркепов.
Ауыр жарақат алған Төлебайдың «менің өлгенімді анама естіртпеңдерші» деген соңғы сөзі ышқынып шығыпты. Қадес жылап жібереді. Ұшақ жерге қонады. Төлебайдың мәйітін арнайы топ жерлеуге алып кетеді.
Осылай үш жылға тарта бір ұшақта отырып, жаумен шайқасқан «Қазақ экипажы» бір жолдасынан айырылып, аман қалған екеуі соғысты аяқтайды.
Қадестің естелігінде: «Соғыс біте салысымен полкте бірінші болып Байтұрсын Есіркепов орыс қызы Татьяна Демидинаға үйленді. Ол үйлеген соң ұзақмерзімді іссапарға кетті. Кетерінде маған «Жеңгеңнің аяғы ауыр, көз-қырыңды сала жүр» деп тапсырды. Таня ұл туды. Оның атын мен Асқар деп қойдым. Байтұрсын іссапардан бір жылдан соң оралды» деп жазыпты (Е.Елған. «Жеңіс жолында от кешкендер». Өскемен: 2005 ж. 145-б.).
Соғыстан кейін Байтұрсын Есіркепов пен Қадес Имашев Алматы қаласында тұрыпты. Қадес майдандас досы Төлебайдың анасы мен қарындасын ұзақ жыл іздепті. Газетке жазып, сұрау салыпты. Бірақ таба алмапты.
Бір қызығы, майданда асқан ерлік көрсетіп, Батыр атағына ұсынылып, бірақ ол атақ бұйырмаған майдангерлер тізімінде «Байтұрсын Есіркепов» есімі жүр. Осындағы анықтамалықта: «Аты аңызға айналған ұшқыш, гвардия капитаны Байтұрсын Есіркепов 1941 жылдың шілдесінен, 1945 жылдың мамырына дейін соғысқа қатыса отырып, 174 сәтті жауынгерлік ұшу жасаған» деп жазылыпты.