• RUB:
    6.69
  • USD:
    523.46
  • EUR:
    600.04
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:20

Жанармай стансаларының қауіпсіздігі алаңдатады

160 рет
көрсетілді

Жергілікті тұрғындарды жанар-жағармай стансаларындағы қауіп­сіздік мәселесі алаңдата бастады. Себебі стансаларда өрт қауіп­сіздігіне байланысты бірнеше кемшілік анықталып отыр.

Облыстық энергетика жә­не тұрғын үй-коммуналдық ша­руа­­шылық басқармасының мәлі­­метінше, 34 мекеме ішкі на­рықты сұйытылған газбен қамтиды. Бұл мекемелер 101 бекетке иелік етеді. Мұнайлы шаһарда 56 газ құю бекеті бар. Өңірдегі 7 ауданда осындай 45 бекет ашылған. Мұның сыртында 125 жанар-жағармай бекеті бар. Бірақ басқарманың мамандары міндетіне сәйкес күнделікті отын бағасына, қордағы қалдыққа мониторинг жүргізумен шектеледі.

Атырау облыстық төтенше жағ­дайлар департаменті басшы­сы­­ның орынбасары Сырым Жаймағамбетовтің айтуынша, өнеркәсіптік қауіпсіздік, мем­ле­кет­тік өрт бақылау талаптарына сәйкес қолданылатын критерийлер бар. Айталық, өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша Атырау қа­ласында 36 жанар-жағармай және газ құю стансасы тіркелген.

«Жанармай стансалары құры­лыс нормалары стандартына сәйкес жобаланып, салынады. Стан­дартқа сәйкес автомобиль жанармайы және газ құю стансалары мен тұрғын үйлердің арақашықтығы 60 метрді құрауға тиіс», дейді С.Жаймағамбетов.

Оның айтуынша, 2020–2024 жылдары жанар-жағармай және газ құю стансаларының қауіп­сіз­ді­гі­не тексеріс жүргізілмеген.

«Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, жанар-жағармай стансаларының қауіп­сіздік мә­селесі қозғалғанда, кәсiп­кер­лiк субъектiлерiнiң қыз­метi сала­ларында мемлекеттiк ба­қылау мен қадағалауды жүзеге асы­ру тәр­тiбiнің сақталуы тұр­ғысынан тексеру тәртібі белгі­ленген Кәсіпкерлік кодексінің 85-2-бабының 5) тармағы бас­шы­лыққа алынады. Екіншіден, 2020–2024 жылдары жарияланған мораторий, Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 15 желтоқсандағы №1206, Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы №814 «Өнеркәсiптiк қауiпсiздiк саласындағы тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарын және тексеру парақтарын бекiту туралы» бірлескен бұйрығы бар. Осы­лардың негізінде жанар-жағармай стансаларының өнер­­кә­­сіптік қауіпсіздігіне тексеру жүргізу мүмкін болмады», деді С.Жаймағамбетов.

Жақында Құлсары қала­сын­да­ғы бір жанар-жағармай станса­сында газ-ауа қоспасы жарылды. Соның салдарынан болған өрт­тен 14 тұрғын күйік алып, 2 адам ажал құшты. Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев мәлім еткендей, қазір бұл қайғылы оқиғаға байланысты тергеу ісі жүріп жатыр.

«Атырау қаласы мен аудандарда арнайы комиссия құрылады. Комис­сияларға әкімдердің орын­­басарлары төрағалық етеді. Комис­сиялар Атырау қаласы мен аудандарда газ құю беке­­тін ғана емес, жанар-жағармай ны­сандарының барлығын тексеруі керек. Барлық жұмыс заң талаптарына сай атқарылады. Қазір Атырау қа­­ласында мұн­дай бекеттердің қай жерде орналасқаны туралы не­гізгі тізім бар. Адамдардың өміріне қауіп төндіріп тұрған нысандарды анықтау қажет», дейді Қ.Нұртаев.

Төтенше жағдайлар департа­менті мемлекеттік өрт бақылау бас­қармасының бастығы, азамат­тық қорғау подполковнигі Бағдат Абдуллиннің айтуынша, облыста мемлекеттік өрт бақылау критерийіне сәйкес 144 жанар-жағармай, 41 газ құю стансасы есепке алынып отыр.

«Жобалау-сметалық құжат­та­маны келісуге, жер учаскелерін құрылысқа бөлу, салынып жатқан нысандардың өртке қарсы жай-күйін тексеру және құрылысы аяқталған нысандарды қабылдау жөніндегі комиссияларға қатыс­пай­ды.

«Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңға сәйкес нысандар құ­ры­­лы­сы­ның сапасын бақылау, сон­дай-ақ осы нысандарда сәулет, қала құрылысы тәртібін, жоба­лық құжаттаманың сапасын қадаға­лау­ды жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады», дейді Б.Абдул­лин.

Былтыр өрт қауіпсіздігіне тексеру жүргізу жоспарына 47 жанар-жағармай стансасы енгізіл­ген. Бақылау мен қадағалау субъек­тісіне (объектісіне) бару арқылы 24 жанар-жағармай стансасына профилактикалық тексеру жүр­гізілді. 23 жанар-жағармай стан­сасына өрт қауіпсіздігі сала­сын­­дағы сәйкестігі туралы аудит жасалып, қорытындысы бе­рілді. Тексеру кезінде Төтенше жағ­дайлар министрінің 2022 жылғы 21 ақпандағы №55 «Өрт қауіпсіздігі қағидасы» талаптарын сақтамауға байланысты бірнеше кемшілік анықталды.

 

Атырау облысы