• RUB:
    6.69
  • USD:
    523.46
  • EUR:
    600.04
Басты сайтқа өту
Аймақтар Кеше

Алматы облысында қылмыс деңгейі айтарлықтай төмендеген

30 рет
көрсетілді

Алматы облысында өңір әкімі Марат Сұлтанғазиевтің төрағалығымен құқықбұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Жиын барысында 2025 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы қаралып, құқықтық тәртіпті нығайту, қоғамдық қауіпсіздікті арттыру және алдын алу шараларының басым бағыттары талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мемлекеттік органдардың өзара тиімді іс-қимылы мен кешенді тәсілінің нәтижесінде өңірде құқықбұзушылық деңгейінің айтарлықтай төмендегені атап өтілді. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің уақытша басшысы Максат Айтимбетов ұсынған деректерге сәйкес, құқықбұзушылық туралы өтініштер мен хабарламалар саны 11,5%-ға, ал тіркелген қылмыстық құқықбұзушылықтар саны 12,4%-ға азайған.

«Құқықбұзушылық туралы өтініштер мен хабарламалар саны 35 069-дан 31 029-ға дейін қысқарды (–11,5%), ал тіркелген қылмыстық құқықбұзушылықтар саны 4 481-ден 3 925-ке дейін төмендеді (–12,4%). Аса ауыр қылмыстар – 45,3%-ға, ауыр қылмыстар – 14,7%-ға, ал онша ауыр емес қылмыстар – 16%-ға азайды. Қасақана адам өлтіру екі есеге (28-ден 14-ке дейін), ұрлық – шамамен үштен бірге (922-ден 653-ке дейін), ұсақ ұрлық – төрт еседен астам (518-ден 112-ге дейін) төмендеді. Қоғамдық орындардағы құқықбұзушылықтар – 19%-ға, ал алкогольдік мас күйінде жасалған қылмыстар – 3%-ға азайды. Есірткі айналымына қатысты, сату мақсатынсыз тіркелген құқықбұзушылықтар 25,4%-ға қысқарды», делінген хабарламада.

Облыстық Полиция департаментінің бастығы Мейрам Әбікенов бұл оң динамиканың кешенді алдын алу шараларының арқасында мүмкін болғанын жеткізді. Оның айтуынша, әлеуетті қауіп төндіретін аумақтарда жұмыс қарқынын бәсеңдетпей, профилактикалық шараларды күшейту қажет.

Өз кезегінде облыс прокуроры Берік Адамов қылмыстың алдын алуда заманауи технологиялардың рөлін атап өтті. Ол өңірде кісі өлтіру 75%-ға, ұрлық 37%-ға, мал ұрлығы 27%-ға азайғанын айтты. Сондай-ақ, қосымша 9 000 бейнебақылау камерасын орнату жоспары жарияланып, бұл «соқыр нүктелерді» азайтып, қауіпсіздік деңгейін арттыруға септігін тигізетініне сенім білдірді.

Жиынға сонымен қатар Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Данияр Ақжанов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен ҰҚК департаментінің өкілдері қатысып, салалық мәселелер мен ұсыныстарын ортаға салды.

Жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. Жол-көлік оқиғалары мен кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған қайғылы оқиғаларға байланысты білім беру, көлік және автомобиль жолдары басқармаларының басшылары есеп берді. Сонымен қатар, кейбір аудандарда жекелеген қылмыс түрлерінің өсуі тіркеліп, сол өңір әкімдері нақты түсініктеме берді.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қылмыстың төмендеуі барлық мүдделі органдардың үйлесімді және жауапкершілікпен атқарған жұмысының нәтижесі екенін айтты.

«Қылмыстың төмендеуі – бұл ведомстволардың үйлесімді және жауапкершілікпен атқарған жүйелі жұмысының жемісі. Қабылданған шаралар нақты нәтиже беріп жатқанын көріп отырмыз. Басты мақсат – қылмыстың алдын алу, уақытылы әрекет ету және өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл – біздің негізгі басымдығымыз», деді өңір басшысы.

Комиссия жұмысты жалғастырып, болашақта құқықбұзушылықтардың алдын алумен қатар, өткен тәжірибеден сабақ алып, қайталанбауын қамтамасыз етуге ерекше назар аударатын болады.