• RUB:
    6.69
  • USD:
    523.46
  • EUR:
    600.04
Басты сайтқа өту
Заң мен Тәртіп Бүгін, 16:37

Құқық қорғау органдарына кешенді талдау жүргізіледі

30 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісін өткізді. Онда Президент қызмет бабында қаза тапқан полицейлердің ерлігін ел есінде қалдыру үшін олардың есімін мекемелік наградалар мен құқық қорғау мекемелеріне, көше атауларына беру мәселесін ұсынды, деп жазады Egemen.kz.

Ол мұндай тәжірибе бұрыннан бар екенін мысалмен жеткізді.

«Лаңкесті ұстау кезінде ерлікпен қаза тапқан Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың есімі Тараздағы орталық көшелердің біріне берілді. Сондай-ақ қаладағы оқу-жаттығу полигоны да батырдың атымен аталған. Таяуда оның өмірі мен ерлігі туралы «Капитан Байтасов» атты көркем фильм көрермен назарына ұсынылмақ», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент өрт сөндіру кезінде қаза тапқан Асқар Забикулиннің де ел есінде екенін айтып өтті.

«Астанадағы Өрт сөндіру бөліміне және сол бөлім орналасқан көшеге оның есімі берілді. Бұл азаматтарды нағыз бейбіт күннің батырлары деуге болады. Олар ақтық демі қалғанша антқа адал болды, қызметтік парызын өтеу жолында өз өмірлерін құрбан етті», деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, заң мен мемлекетке адал қызмет ету адамгершілік пен әділетке негізделген құндылықтардан басталады. Бұл, ең алдымен, отбасы тәрбиесіне байланысты. Осыған орай, Президент бірнеше буын бойы құқық қорғау қызметінде жүрген Зайнулиндер әулетін марапаттады.

Мемлекет басшысы қоғамдағы заң мен тәртіп – тек ресми құрылымдарға ғана емес, барша азаматқа ортақ жауапкершілік екенін жеткізді.

«Жалпы, заң мен тәртіп ұғымы көшедегі тазалық пен қауіпсіздік сияқты қарапайым нәрседен басталады. Жергілікті билік, бизнес және қоғам белсенділері ортақ мүдде жолында күш біріктіріп жұмыс істесе, қоғамдағы заң мен тәртіп те нығая түседі»,  деді Президент.

Сондай-ақ Ақмола облысында жүзеге асып жатқан «Зиялы қауым» жобасына ерекше тоқталып, ауыл ақсақалдары мен тұрғындарының құқық қорғау қызметіне көрсетіп отырған қолдауын оң бағалады.

«Сондай-ақ бүгін мен бес жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген бірқатар ауылдың ақсақалдарын марапаттаймын. Құқық қорғау органдарының көп жұмысы сырт көзге көріне бермейді. Жедел қызметкерлер, тергеушілер, прокурорлар, криминалистер, патруль қызметкерлері, учаскелік инспекторлар мен басқа да құрылым қызметкерлері күн сайын ел тыныштығын қас қақпай күзетіп жатыр. Ешқандай қауіп-қатерге қарамастан, Отан үшін жасап жатқан адал қызметтеріңізге зор ризашылығымды білдіремін. Мен Сіздерге сенемін! Әрқайсысыңыз мықты маман, отаншыл әрі адал азамат деген атқа лайықсыздар», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент құқық қорғау саласындағы жүйелі талдаудың маңыздылығын атап өтті.

«Әрине, құқық қорғау мекемелерінің жұмысында ешқандай қателік немесе жетіспеушілік жоқ деп айтуға болмайды. Бірақ қара бұлтты төндірудің де қажеті жоқ. Бәріміз бір ел, бір халық болып Қазақстанымыз үшін қызмет етіп, табанды жұмыс істеуіміз керек. Бұл – баршамызға ортақ ұлттық парыз, азаматтық борыш. Қазақстан қауіпсіз, заң мен тәртіпке бағынатын ел болуы керек».

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бір апта ішінде Президент Әкімшілігі мен Қауіпсіздік Кеңесі құқық қорғау органдарының қызметіне қатысты арнайы талдау әзірленеді. Бұл құжатта саланың барлық өзекті мәселелері ашық көрсетіліп, оларды шешудің нақты жолдары ұсынылуы тиіс. Президент бұл – аса маңызды жұмыс екенін және оны жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, еліміздің басты бағдары – заң мен тәртіп қағидатына негізделуі керек.