Ертіс-Баян өңірінде жыл басынан 384 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 25 адам жазатайым жағдайда мерт болған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Өңірлік полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің мәліметінше, аймақта жол-көлік апаттары азаймай тұр.
– Жыл басынан бері облыс аумағында 384 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 529 адам зардап шекті, оның ішінде 99-ы кәмелетке толмағандар. Өкінішке қарай, 25 азамат қайтыс болды. Мотокөлік қатысқан 19 жол апаты тіркеліп, олардың салдарынан 1 адам көз жұмды. Тағы 16-сы жарақат алды, – деп хабарлады басқармадан.
Жол апаттарының көбеюіне байланысты 585 жол учаскесіне талдау жасалып, тексеріс жүргізілген. Нәтижесінде барлық анықталған кемшіліктерді жою бойынша тиісті нұсқамалар беріліп, 103 лауазымды және заңды тұлға жауапкершілікке тартылған. Оларға 4 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынған.
Жылдамдық режимін бұзу деректерінің алдын алу мақсатында облыста күн сайын 10 «Кибер-Шериф» мобильді аппараттық-бағдарламалық кешені жұмыс істейді. Олардың төртеуі республикалық және халықаралық маңызға ие автожолдарда қызмет атқарады. Сонымен қатар, барлық ЕРАП планшеттерімен интеграцияланған «Оракул-С» жүйесінің 10 аппараттық кешенінде «Қорғау» бағдарламасы енгізілген.
Бұдан бөлек, республикалық маңызды автожолдарда («Павлодар-Астана», «Павлодар – Абай облысы», «Павлодар – РФ шекарасы») орнатылған «Зерек» кешендерінің көмегімен 3408 құқықбұзушылық анықталған.
Павлодар облысы