Алматы облысында «Заң және Тәртіп» идеологиясын ілгерілету аясында символикалық шара өтті. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері 4120 метр биіктіктегі тауға бірлесіп шығып, шың басына «Заң және Тәртіп» жалауын тікті. Бұл – заң үстемдігі ең жоғары тұғырға қойылған мемлекетте тұрақтылық пен болашаққа сенімді білдіретін нышан, деп хабарлайды Egemen.kz.
Шараға Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура, Қаржылық мониторинг агенттігі және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері қатысты.
Ту ұстау – заң үстемдігі ең жоғары орында тұрған мемлекетте тұрақтылық, даму және болашаққа деген сенім бар дегенді білдіреді.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев заң мен тәртіп – әділетті мемлекеттің іргетасы екенін үнемі атап өтеді. Онсыз экономикалық даму, инвестициялар және азаматтардың сенімі мүмкін емес. Әділеттілік қалыпты құбылысқа айналуы керек, ал заңсыздық – ерекшелік қана болуы тиіс. Тек осы жолмен әр азамат өзін қорғалған сезінетін заманауи мемлекет құруға болады.
Маршрут Тұйықсу, Мыңжылқы шатқалдары, Альпинград альпинистік алаңы мен Мәншүк Мәметова асуы арқылы өтті. Бұл – әділет пен жауапкершілікке апарар жолдың символы.