• RUB:
    6.65
  • USD:
    521.57
  • EUR:
    601.01
Басты сайтқа өту
Спорт Бүгін, 13:23

Спортты, әсіресе балалар мен жастар арасында кеңінен насихаттау – ұлт денсаулығының кепілі

30 рет
көрсетілді

«Спортты, әсіресе балалар мен жастар арасында кеңінен насихаттау – ұлт денсаулығының кепілі»,– деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында, деп хабарлайды Egemen.kz.

Президент бастамалары Қостанай облысында жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соның жарқын мысалы – Қадырбек Оспанов атындағы №1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің қайта жаңғыртудан кейінгі ашылуы.

1979 жылы негізі қаланған бұл мектеп өңірдегі балалар спортының алдыңғы қатарлы мекемелерінің бірі саналады. Мұнда Олимпиада ойындарының қатысушылары – Сергей Ушкалов пен Станислав Кузьмин (жүзу), 29 халықаралық дәрежедегі спорт шебері және 73 Қазақстан Республикасының спорт шебері тәрбиеленген.

Бүгінде мектепте жүзу, баскетбол, гандбол, велоспорт және триатлон бөлімдері жұмыс істейді. 1157 жас спортшы тұрақты түрде жаттығуға қатысады. Қайта жаңғыртудан кейін мектептің базасы кеңейіп, бокс және суға секіру бөлімдері ашылады. Сонымен қатар, енді бұл мекеме қала тұрғындарына, оның ішінде қозғалысы шектеулі жандарға да сауықтыру бағытында қызмет көрсететін болады.

Аймақтағы спорттық инфрақұрылым жүйелі түрде дамып келеді. Соңғы үш жылда облыста 18 жаңа спорт нысаны, оның ішінде 11 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды. Жыл соңына дейін тағы үш нысан пайдалануға беріледі. Бүгінде өңірде 367 мыңнан астам тұрғын бұқаралық спортпен айналысады. Ал мектеп жасындағы балалардың 62 пайызы тегін спорт секцияларына қатысады.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы тапсырған тағы бір маңызды міндет – білім беру мекемелерін қадамдық қолжетімділікпен қамтамасыз ету – өңірде шешімін табуда.

Қостанай қаласының қарқынды дамып келе жатқан «Әуежай» шағын ауданында 280 орындық жаңа мемлекеттік балабақша ашылды. Бұл нысанды аудан тұрғындары, әсіресе жас отбасылар көптен күткен болатын.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов балабақшаның ашылуында:

«Екі жыл бұрын осы шағын ауданның тұрғындарымен кездесуде балабақшаның маңыздылығы туралы айтқан едік. Міне, бүгін бұл нысан бой көтеріп, балаларды қабылдауға дайын. Ол балалар үшін жайлы әрі жылы ұяға айналатынына сенемін»,– деп атап өтті.

Жаңа балабақшада қазақ және орыс тілдерінде білім беретін 16 топ жұмыс істейді. Мұнда жайлы оқу және ойын бөлмелері, спорт және шығармашылық залдары, этномәдени бұрыштар, балаларға арналған шағын зертхана және QR-код арқылы қолжетімді аудиоертегілер мен кітаптар ұсынылатын мобильді кітапхана бар. Балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылған – бейнебақылау, дабыл түймесі мен өртке қарсы жүйелер орнатылған.

Мекемеде 75 жаңа жұмыс орны құрылды, оның 45-і — педагогтар.

Соңғы екі жылда облыста 1700-ден астам орынға арналған 10 балабақша ашылды. Қостанай қаласында ашылған үш жаңа балабақша 2 жастан асқан балалар кезегін үштен бірге қысқартуға, ал 3 жастан асқан балалардың кезегін толық жоюға мүмкіндік берді.

Осылайша, Қостанай облысында мектепке дейінгі тәрбие мен балалар спортынан бастап жан-жақты дамуға жағдай жасайтын орта қалыптасып келеді. Бұл – балалардың болашағына салынған сенімді инвестиция.