Пандемия, климаттық дағдарыс, жаһандағы тұрақсыз геосаяси ахуал мен технологиялық өзгерістер – әлем елдеріндегі қоғамдық басқару жүйесіне өзінше әсер етті. Яғни қазір батыл реформалар мен шұғыл шешім қабылдау кезеңі. Демек мемлекеттік қызмет тәртіп пен ережені ұстанушы әрі жүзеге асырушы ғана емес, жаңашылдыққа икемделе алатын, тиімді әрі серпінді құрылымға айналуы қажет. Сонда біз басқарудың қандай тәсілдеріне иек артуымыз керек? Азаматтар мен билік арасындағы сенімді одан әрі қалай нығайтуға болады?
23 маусым – Мемлекеттік қызметші күні. Алғаш бұл датаға 2003 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен халықаралық мереке мәртебесі берілді. Ал Қазақстан атаулы күнді тура 10 жылдан кейін ғана бекітіп, кәсіби түрде 2014 жылдан бастап тойлап келеді. Бұл – елді өркендету жолында жауапты міндет жүктелген мамандардың еңбегін бағалайтын күн. Осы айтулы мерекеге орай Астана қаласында мемлекеттік қызмет жүйесіндегі адами ресурстарды басқарудың өзекті мәселелеріне арналған халықаралық GovHR форумы өтті.
Іс-шараны Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай ресми түрде ашты. Кейін қатысушылар назарына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы форумның ашылуына орай жолдаған құттықтау хаты ұсынылды. Ақордадан жеткен лебізді Президенттің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаев оқып берді.
«Қадірлі қауым, сіздерді «GovHR форумы: жаңа жүйелер, заманауи қызметтер, тың шешімдер» атты халықаралық жиынның ашылуымен құттықтаймын. Бұл – мемлекеттік басқару ісін жетілдіру және адам капиталын дамыту мәселесін талқылауға арналған бірегей басқосу. Қазір елімізде жан-жақты реформалар жүзеге асырылып, барлық салада түбегейлі өзгерістер болып жатыр. Сондай-ақ жаһандық сын-қатерлер, цифрландыру ісі мен жасанды интеллект технологиясының қарқынды дамуы біздің алдымызда мүдде мен жаңа міндеттер қойып отыр. Осы орайда мемлекеттік қызметтің сапасын арттыра түсу өте маңызды. Ол үшін білікті, еңбекқор әрі отаншыл кадрлар қажет. Елімізде бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Біз шет елдердің озық тәжірибесін мұқият зерделеп, Қазақстанды өркендетуге қатысты тың тәсілдер ойластыруға баса мән береміз. Беделді сарапшылар мен мамандар бас қосқан бүгінгі алқалы жиын – осының айғағы. Форумда айтылатын идеялар мен пікірлер кадр саясатын барынша жақсартуға ықпал етеді деп сенемін», делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында.
Президенттің бастамасымен мемлекеттік басқару саласында ауқымды жаңғырту жұмыстары «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» іргелі қағидаты негізінде жүзеге асырылып жатыр. Форумда Дархан Жазықбай осы жаңа кезеңге аяқ басқан мемлекеттік қызмет саласындағы адам капиталын дамыту, цифрландыру және бюрократиялық кедергілерді азайту, мемлекеттік аппараттың кәсібилігін арттыру бағытындағы елеулі өзгерістерді тізбектеді.
– Былтыр елімізде 2024–2029 жылдарға арналған Мемлекеттік қызметті дамыту тұжырымдамасы Президент Жарлығымен бекітілді. Оның негізінде «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң жобасы әзірленді. Мұндағы мақсат – мемлекеттік қызметтің миссиясын, міндеттері мен талаптарын жаңаша айқындау болып отыр. Ең бастысы, құжат мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлқының адамға бағдарланған үлгісін бекітуді көздейді. Яғни отансүйгіштік, ашықтық пен кәсібилік, клиентке бағдарлану мен құқық бұзушылықтарға төзбеушілікті қамтитын талаптарды заңнамалық тұрғыдан бекіту жоспарланды. Бүгінде мемлекеттер үшін тек орнықты болу жеткіліксіз. Проактивті, креативті және икемді болу қажет. Осы орайда мемлекеттік сектордағы HR жүйесін жаңа сапалық деңгейге көтеру – стратегиялық басымдыққа ие міндет, – деді МҚІА төрағасы.
Еліміздің жаңашылдықтарын жоғары бағалаған БҰҰ Азаматтық қызмет жөніндегі халықаралық комиссиясының (ICSC) төрағасы, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Ларби Джакта форум қатысушыларына арнайы бейне құттықтау жолдады. Әрі ол видео жазбада кадрлық саясатта озық көзқарас ұстанып отырғанымызды және басқа мемлекеттерге үлгі бола алатынымызды ерекше атап өтті.
Негізі мемлекеттік аппаратта әлі де жүйелеу керек тұстар бар. Әсіресе цифрлық трансформация, жасанды интеллект, ашық үкімет концепциясы жауапкершілік жүгін арттырды. Осы орайда пленарлық отырыста Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов қазіргі жаһандану кезінде билік тармақтары ескеру керек тетіктерді атады.
– Бүгінгінің басты талабы – мемлекеттік қызметтің корпоративтік мінезін қалыптастыру. Заман талабына сай болу үшін ең әуелі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын толық іске асыру қажет. Сонда ғана мемлекеттік аппарат елгезек болады. Одан бөлек, еңбек нарығына енген Z және Y буын өкілдерінің ерекшеліктерін ескере отырып, дәстүрлі басқарушылық мансаптық траекториямен қатар, дарынды жастар үшін кәсіби даму жолын ұсыну қажет. Екіншіден, стратегиялық басымдықтар қысқамерзімді жетістіктер тасасында қалып қоймауға тиіс. Осы орайда мемлекеттік органдар жұмысында сабақтастықты қамтамасыз ету үшін аға буын мемлекеттік менеджерлер корпусын күшейту – аса маңызды міндет. Үшіншіден, мемлекеттік қызметті еңбек нарығында тартымды жұмыс орны ретінде қалыптастыру және қоғамның сенімін арттыру үшін тиімді коммуникацияны стратегиялық HR-құрал ретінде қарастыру қажет. Сонымен қатар адам ресурстарын дамыту саласындағы ортақ мәселелерді ескере отырып, аймақ елдерінің бірлескен ғылыми зерттеу жобаларын жүзеге асыру өзара ынтымақтастықты жаңа сапалық деңгейге көтере алады, – деді Ә.Байменов.
Халықаралық жиынның панельдік сессияларында стратегиялық HR-жүйесін қалыптастыру, кадр саясатын цифрландыру, жасанды интеллектіні енгізу, жас мамандарды қолдау және мемлекеттік органдардағы басшы рөлін трансформациялау сынды төрт негізгі бағытқа басымдық берілді.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен ұйымдастырылған халықаралық жиынға тәжірибе алмасу мақсатында БҰҰ өкілдері, Қатар Мемлекеттік қызмет және кадрлық әлеуетті дамыту бюросының директоры Саиф әл-Кааби, Моңғолия Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі кеңестің төрағасы Цэдэвсурэн Лхагва, Сьерра-Леоне елінің Адами ресурстарды басқару кеңсесінің бас директоры Ансу Такер, Тәжікстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет агенттігінің директоры Илёс Идрисзода, сондай-ақ АҚШ, Әзербайжан, БАӘ, Қырғызстан, Марокко, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Ресей, Руанда, Сингапур, Түрікменстан сияқты әріптес елдердің уәкілетті органдарының басшылары, жетекші мамандары және сарапшылары қатысты.
– Қазір бүкіл әлемде, соның ішінде менің елім Руандада да мемлекеттік қызмет саласы ауқымды трансформация кезеңін бастан өткеріп жатыр. Цифрландыру, демографиялық өзгерістер және қазіргі заман талаптары ескерілген осындай халықаралық платформалардың рөлі айрықша. Біз бұл форумға тәжірибе алмасып, инновациялық шешімдер мен дамуға қол жеткізу жолдарын талқылау үшін келіп отырмыз. Реформаларды енгізу, олардың тиімділігін арттыру жолдарын үнемі іздестіріп келеміз. Әсіресе жоғары сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуге бағытталған цифрлық трансформация ерекше мәнге ие. Бұл салаға инвестициялар тарту арқылы, мысалы, біз жалақы жүйелерін жетілдіру, қызметтерді интернет арқылы ұсыну, жасанды интеллектті енгізу сынды бағыттарда нақты нәтижелерге қол жеткізіп отырмыз. Сондай-ақ жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін аударма құралдары, чат-боттар және биометриялық жүйелер сәтті қолданылып жатыр. Бұл құралдар денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы сияқты салаларда тиімділікті арттырады, – деді Руанда Республикасы Мемлекеттік қызмет және еңбек министрлігінің тұрақты хатшысы Мусонера Гаспард.
Форум аясында жаңа кезеңдегі мемлекеттік басқару саласындағы халықаралық тәжірибе мен ғылыми зерттеулерге негізделген «Public Administration in the New Reality» атты кітап таныстырылды. Бұл кітапқа 19 елден 39 автор қатысқан. Ал оған алғысөзді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жазған.
Пікір алмасулар, панельдік және форсайт-сессиялар нәтижесінде мемлекеттік қызмет пен адами ресурстарды басқару жүйесін дамытуға арналған негізгі ұсыныстар мен бағдарларды қамтитын GovHR қарары қабылданды.