• RUB:
    6.65
  • USD:
    521.57
  • EUR:
    601.01
Басты сайтқа өту
Қаржы Бүгін, 10:30

Маржа ішінде жасырынған баға бар...

30 рет
көрсетілді

Қазір көңілің қалаған бұйымды ғана емес, көліктің де, пәтердің де құнын бөліп төлеуге болады. Сатушы «тауар құнына үстеме пайыз қосылмайды, көрсетілген соманы төлейсіз» деп қызықтырады. Алайда сала сырын тереңдеу білетін сарапшылар «дүкен иелері мен банк арасында жасырын мәміле бар» дейді...

Иллюзия: баға арзан болып көрінеді, шын мәнінде...

«Бөліп төлеудің тетіктері халыққа ғана емес, Ұлттық банкке де түсініксіз. Дүкендердің тауар құнын пайызсыз бөліп төлеуінің астарында не жатқанын анықтау – Ұлттық банк емес, Бәсекелестікті қорғау агенттігінің мәселесі. Олар кәсіпкерлерден баға белгілеудің ашықтығын талап етуге тиіс», дейді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов.

Сарапшылардың айтуынша, бөліп төлеуді реттеу бастамасы екі жыл бұрын пайда болса да нақты шешім шықпады. Бұл жағдайда тұтынушыда шарттың барлық талабы, қызмет құны және ықтимал артық төлеу мөлшері туралы ақпарат жоқ. Сондай-ақ бөліп төлеу шарты бойынша несие алған адам кешіктірілген айыппұлдар туралы білмеуі мүмкін және қайта құрылымдауды пайдалана алмайды.

 

Бөліп төлеу – банктің майлы жілігі

Сарапшы Ерлан Ибрагимнің айтуынша, бұл мәселе банк­тер туралы заңда міндетті түрде көрініс табуға тиіс. «Қазір бөліп төлеуді рәсімдеген кезде компания несиенің толық құнын алдын ала ашуға міндетті емес, ал сен барлығына бір батырманы басу арқылы қол қоясың. Бұл жағдайда мөлшерлеме жылдық 70%-ға дейін болуы мүмкін», дейді сарапшы.

«Дүкендерде, сауда желілеріндегі баға онлайн дүкендегі бағамен салыстырғанда арзан болып көрінеді. Бізге нарықтық экономикада өмір сүріп жатқанымызды түсіну керек. Отандық нарықтың дамыған нарықтан ерекшелігі – эконономикалық ресурсымызға дейін импортқа тәуелді. ЕО елдерінде ірі сауда желілері мен тауар өндірушілер арасында байланыс бар. Бұл тауарды нарықтағы бағадан 20%-ға дейін төмен бағада ұсынуға мүмкіндік береді. Ал біздегі жағдайда қарыз алушыға бөліп төлеу тартымды болып көрінгенмен, банктердің маржасы баға ішінде жасырынып тұрады. Көлік пен пәтерді бөліп төлеу арқылы сатуды қандай шарттармен және қандай бағамен белгілейтінін біз білмейміз. Сарапшы ретінде мен мұның бәрі Ұлттық банк пен ҚНРДА бақылауында болуға тиіс деп санаймын», дейді сарапшы.

 

Асыра сілтеудің ақыры не болмақ?

Осы материалды дайындау барысында Алматыдағы «Алтын базары» сауда үйіне барып, құны 320 мың теңге тұратын алтын бұйымды 1 жылға бөлген кездегі құны 380 мың теңге болатынын, 60 мың теңгені үстеме ақы ретінде төлейтінін анықтадық. Сатушының айтуынша, 320 мың теңге жеке шотына, 60 мың теңге бөліп төлеуді рәсімдеген банктің шотына түседі. Банк бір ғана алтын бұйымнан 60 мың теңге пайда көріп отыр. ЕДБ мұндай астыртын әрекетке Ұлттық банктің көзін байлап қойып барып отыр дегенге көңіл сенбейді.

Қысқаша айтқанда, бөліп төлеу – тауардың банктің пайыздық кірісінің көлеміне ұлғайтылған құны. Кей дүкен­дер бөліп төлеусіз алғандар үшін бағаны түрлі сыйлық және ­бонуспен өтеп жатады. Алайда мұндай сыйлықтардың кімдердің есебінен төленіп жатқаны белгісіз. Мысалы, 500 мың теңге тұратын теледидарды сөреге 750 мың теңге деп белгілеп, оны 12 айға бөліп төлеуді ұсынады. Сонда банк пен кәсіпкердің пайдасы – 250 мың теңге.

Бұған банк көзімен қарасақ, өте пайдалы құрал. Бірақ ҰБ басшылары айтып өткендей, тауар бағасында сатушы мен банктің барлық пайызы мен маржасы кіріктірілген. Іс жүзінде құны 320 мың теңгеге бағаланған алтын бұйымның шын бағасы 290 немесе 270 мың теңге болуы әбден мүмкін.

 

АЛМАТЫ