Алматы облысының Қарасай ауданында ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен «Егінжай күні» ұйымдастырылды. Шара Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының базасында өтті. Бұл – билік, ғылым, аграрлық сектор мен халықаралық ұйым өкілдері бас қосқан маңызды диалог алаңы болды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Дәстүрлі шараның басты тақырыбы ретінде органикалық және көміртекті егіншілікті дамыту мәселесі таңдалып, тұрақты ауыл шаруашылығын қалыптастыру және 2060 жылға дейін көміртек бейтараптығына қол жеткізу жолдары қаралды. Жиында деградацияға ұшыраған жерлерді қалпына келтіру, экологиялық агротехнологияларды енгізу, ғылыми әдістер мен цифрлық шешімдер таныстырылды.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, ғалымдар және фермерлер инновациялық тәсілдермен танысып, агросаланы климаттық өзгерістерге бейімдеу және фермерлерді «жасыл» бастамаларға ынталандыру мәселелерін талқылады. Шарада БҰҰДБ, ФАО өкілдері және Канададағы Альберта университетінің профессоры онлайн қатысып, пікір білдірді.
«Қазақстанда көміртекті секвестрациялаудың әлеуеті зор. Қазіргі таңда 90 млн гектар ауыл шаруашылығы жерінің түрлі дәрежеде тозғаны анықталып отыр, оның ішінде 29 млн гектары құнарлылығын жоғалтқан. Жердің 62–63%-ында қарашірік деңгейі өте төмен. Егер топырақты дұрыс басқарсақ, ол көміртекті жоғалтпай, керісінше, жинақтай алады. Осыған байланысты біз көміртек полигондарын құру, көміртек қорларының цифрлық кадастрын жүргізу, геоақпараттық жүйелер мен жасанды интеллектті пайдалану және көміртек бірліктерін верификациялау механизмдерін қамтитын ғылыми-техникалық бағдарламаны бастадық. Бұл – агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуы үшін қажет жүйелі қадам», – деді ғылыми семинарда сөз бастаған Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев.
Өз сөзінде Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өңірде агросаясат ғылым мен технологияға негізделіп жатқанын атап өтті.
«Ауыл шаруашылығы – облыс дамуының басты басымдықтарының бірі. 2024 жылы саланың жалпы өнім көлемі 679,2 млрд теңгеге жетті. Біз ет, өрік және құс шаруашылығы бойынша ел көлемінде көш бастап тұрмыз. АӨК экспорты 39%-ға артты. Сонымен қатар, сүт-тауарлы фермалар, өңдеу кәсіпорындары мен жылыжай кешендерін дамыту жобалары жүзеге асырылуда. Алғашқы кезеңде 2 400 км суару желілері қалпына келтіріледі. “Ауыл аманаты” бағдарламасы аясында 1 360-тан астам бастама қолдау тапты, ауыл тұрғындарының табысы 22,7%-ға өсті. Бірақ ең бастысы – жерге ұқыпты қарауға, ғылым мен цифрландыруға негізделген тұрақты шешімдерді енгізу», – деді өңір басшысы.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов та карбондық әдістердің тиімділігін атай келе:
«Жер тек өнім беріп қана қоймай, көміртек жобалары арқылы қосымша табыс көзіне айнала алады. Біздің міндетіміз – аграршыларды осындай тәжірибелерге көшуге ынталандыру және бұл үдерістерді барынша ашық әрі экономикалық жағынан тиімді ету», – деген пікірін білдірді.
Пленарлық отырыста ауыл шаруашылығындағы көміртек ізін азайту, көміртек полигондарын құру, топырақтағы көміртек қорларын цифрлық тіркеу, фермерлерді экологиялық тәжірибеге ынталандыру және Қазақстанның жаһандық көміртек офсеттері нарығына қатысуы сияқты нақты іс-шаралар талқыланды.
Кездесу қорытындысында ғылым, бизнес және мемлекеттік құрылымдар арасындағы ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған тұрақты егіншілікті дамыту бойынша нақты ұсыныстарды қамтитын резолюция қабылданды.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Қазақстан жыл сайын 535 млн тонна көмірқышқыл газын секвестрациялау әлеуетіне ие. Егер «жасыл» агропрактикалар тиімді енгізілсе, 2050 жылға қарай көміртек офсеттері саудасынан жылдық табыс 25 млрд АҚШ долларына жетуі мүмкін.
Алматы облысы.