Citigroup сарапшылары Парсы шығанағындағы стратегиялық маңызы жоғары Ормұз бұғазы жабылған жағдайда Brent маркалы мұнай бағасы 90 долларға дейін көтерілуі мүмкін деген болжам айтты. Бұл туралы Bloomberg агенттігі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Ормұз бұғазы – әлемдік мұнай саудасының басты өткелдерінің бірі. Қазір жаһандық нарықтағы мұнайдың шамамен 20%-ы дәл осы бұғаз арқылы тасымалданады. Сауд Арабиясы, Ирак және Парсы шығанағындағы өзге де ірі мұнай өндірушілердің экспорты осы бағытқа тікелей тәуелді.
Citigroup есебінше, Ормұз бұғазы жабылған жағдайда күніне 3 миллион баррельге жуық мұнай тасымалы тоқтауы мүмкін. Мұндай кедергі қысқа мерзімнің өзінде бағаның күрт өсуіне және нарықтағы тұрақсыздыққа себеп болады. Дегенмен сарапшылар шиеленістің ұзаққа созылмайтынын, өйткені бұғаздың ашық күйде болуы барлық тараптардың ортақ мүддесі екенін алға тартып отыр.
Bloomberg деректеріне сүйенсек, Иран мұнайының экспортына тыйым салынған күннің өзінде бұл фактор мұнай бағасына айтарлықтай әсер етпеуі мүмкін. Бұған дейін де сарапшылар Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленістер мұнай бағасын 120 долларға дейін көтеруі ықтимал екенін ескерткен болатын.
Қазір Brent маркалы мұнай фьючерстері барреліне 77 доллар шамасында саудаланып жатыр. 2025 жылдың 19 маусымында өткен Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мұнай бағасының жоғары болуы Қазақстан экономикасы үшін оң әсер ететінін атап өтті.
Сарапшылардың айтуынша, жаһандық нарықтағы мұнай бағасының күрт өсуі инфляциялық қысымды күшейтіп, кейбір елдердің ішкі экономикалық саясатына түзетулер енгізуіне себеп болуы мүмкін. Осы орайда Ормұз бұғазы төңірегіндегі жағдай әлемдік экономикалық тұрақтылыққа тікелей ықпал ететіні анық.