• RUB:
    6.63
  • USD:
    519.55
  • EUR:
    596.03
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 15:14

New York Times Turning points қазақ және орыс тілдерінде жарық көреді

50 рет
көрсетілді

KAZMEDIA HOLDING медиакомпаниясы мен The New York Times Licensing Group арасындағы стратегиялық әріптестік аясында «Turning Points» жаһандық сараптамалық журналы енді алғаш рет қазақ және орыс тілдерінде жарық көреді. Бұл – халықаралық медиа кеңістікте еліміздің көзқарасын кеңінен танытуға жол ашатын маңызды бастама, деп жазады Egemen.kz.

Turning Points – әлемнің түрлі елдеріндегі танымал ойшылдар мен беделді сарапшылардың бүгінгі заманның беталысы мен ертеңгі күннің бағытына қатысты пікір-толғамдарын ұсынатын жыл сайынғы арнайы басылым. Бизнес, технология, қоғам, білім және экология тақырыптарын қамтитын бұл жоба жаһандық трендтерді саралап қана қоймай, олардың өңірлік көріністеріне де үңіледі.

Елімізде басылымды жарыққа шығару туралы ұзақмерзімді лицензиялық келісімге KAZMEDIA HOLDING компаниясы қол қойып отыр. Компанияның бас директоры Еркін Жақыпов бұл әріптестікті еліміз үшін жаңа медиамәдениеттің бастауы деп бағалайды.

«KAZMEDIA HOLDING осындай бірегей редакциялық платформаны елімізге әкелгенін мақтан тұтады. Бұл әріптестік – қоғамдық пікір алмасу мәдениетін жаңа деңгейге көтеруді, қазақтілді аудиторияны жаһандық талқыға тартуды және жергілікті көзқарас пен пікірлерді қамти отырып, Қазақстанды халықаралық диалогтың бел ортасына шығаруды көздейтін маңызды қадам», деді ол.

Журналдың алғашқы саны 2025 жылдың соңында жарық көреді деп жоспарланып отыр. Алғашқы шығарылымда 2026 жылы әлемдік деңгейде өзекті болуға тиіс трендтерге шолу жасалып, отандық оқырман назарына ұсынылмақ. Сонымен қатар, бұл нөмір бизнес, технология, білім, көшбасшылық және экология сияқты бағыттарды қамтиды.

Аталған оқиғаны таныстыру үшін Turning Points рухына сай арнайы форум өткізу жоспарланып отыр. Ауқымды пікірталас алаңына Қазақстаннан және шетелден жетекші сарапшылар, журналистер мен медиа сарапшылар қатысады деп күтілуде.

New York Times Licensing Group жаһандық лицензиялау және баспа инновациялары бөлімінің басшысы Майкл Гринспон Қазақстанмен әріптестікті жоғары бағалайтынын жеткізді:

«Turning Points жобасы аясында KAZMEDIA HOLDING-пен жұмыс істеу біз үшін қуанышты жаңалық. Біз түрлі марапатқа ие болған журналистикамызды жаңа аудиторияға жеткізу мүмкіндіктерін үнемі іздейміз. Бұл серіктестік біздің жаһандық оқырмандар базамызды кеңейтуге жол ашады».

KAZMEDIA HOLDING бұған дейін National Geographic журналының қазақ тіліндегі эксклюзивті нұсқасын жарыққа шығару арқылы өзін жоғары сапалы контент ұсынушы ретінде танытқан еді. Сонымен қатар, компания 2025 жылы Harvard Business Publishing ұйымымен келісім жасап, Harvard ManageMentor цифрлық оқыту платформасын Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан нарығына енгізуді қолға алды.

Ал 170 жылдан астам тарихы бар The New York Times – Пулитцер сыйлығын ең көп иеленген, тәуелсіз журналистикасы мен терең талдауға негізделген сараптамалық мақалаларымен танылған, әлемдегі ең ықпалды басылымдардың бірі. Оның Turning Points басылымы – қоғамдағы ең өзекті сұрақтарға жауап іздейтін, әлемдік деңгейдегі пікір көшін қалыптастыратын маңызды медиа алаң.

Еліміздегі оқырман үшін мұндай жобаның ашылуы – тек жаңа форматтағы мазмұнмен танысу ғана емес, өз көзқарасын халықаралық деңгейде танытып, пікір алмасуға қатысудың да бірегей мүмкіндігі болмақ.