ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ұлттық бірыңғай тестілеуден 140 балл жинаған Жәнібек Әбілханды құттықтады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ұлттық бірыңғай тестілеуде ең жоғары нәтиже көрсеткен талапкер Түркістан облысы, Ордабасы ауданындағы мектептің түлегі болды. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек талапкер Жәнібек Әбілханды жетістігімен құттықтап, ата-анасына алғыс білдірді. Кездесу барысында министр оған алғыс хат пен естелік сыйлық табыстады.
Кездесу аясында Саясат Нұрбек еліміздегі жоғары білім беру саласының мүмкіндіктеріне, сондай-ақ Қазақстанда ашылған шетелдік университеттердің әлеуетіне тоқталды.
«Біз қарапайым ауыл мектебінің түлегі ең жоғары балл жинағанына ерекше қуанамыз. Мемлекет тарапынан оның білімін әрі қарай дамытуына толық қолдау көрсетіледі. Бүгінде Қазақстан өңірлік академиялық хаб ретінде қалыптасып келеді. Елде құрылған білім беру экожүйесі халықаралық серіктестердің қызығушылығын арттырып жатыр. Жетекші шетелдік университеттермен бірлесе отырып, жаңа білім беру бағдарламалары жүзеге асырылуда. Бұл жетістіктер Қазақстанның білім беру жүйесінің халықаралық деңгейде мойындалғанын көрсетеді», деді министр.
Айта кетейік, Жәнібек Әбілхан 19 мамыр күні Шымкент қаласындағы аймақтық тестілеу орталығында «Математика–Информатика» пәндер комбинациясы бойынша сынақ тапсырып, ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Бұл — оның Астанаға алғаш келуі. Ол елордадағы бірнеше жоғары оқу орнын аралап, оқу инфрақұрылымымен танысты.