Кәсіпқой боксшы Майк Тайсонның жасы 58-ден асса да, әлі де жұдырықтасып жүргені белгілі. Соңғы рет ол былтырғы жылдың қараша айында америкалық актер, блогер, шоумен Джейк Полмен күш сынасты.
«Темір Тайсон» енді өзінің келесі жекпе-жегін елімізде өткізуі мүмкін. Бұл ақпаратты «Алаш прайд» промоушенінің президенті Әлімжан Бектаев таратып отыр. «Биылғы желтоқсанда аса ауыр салмақтағы әлемнің абсолютті экс-чемпионы, атағынан ат үркетін Майк Тайсонды елімізге шақыртып, керемет бір бокс кешін ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Қазір осы бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұйыртса, ол Ресейдің мақтанышы, аралас жекпе-жектің хас шебері Федор Емельяненкомен айқасады» дейді Ә.Бектаев.
Егер осы жоспар жүзеге асса, еліміздің жанкүйерлері аты аңызға айналған қос дүлдүлдің айқасын тамашалап, осы жекпе-жектен жақсы бір әсер алатыны сөзсіз. Себебі екеуі де өз дәуірінің теңдессіз тұлғасы. Майк Тайсон 1986 жылғы 22 қарашада Тревор Бербикті екінші раундта ұрып жығып, әлем чемпионы атанды. Ол кезде Майк 20 жаста еді. Сөйтіп, оның есімі осындай дәрежеге жеткен ең жас кәсіпқой боксшы ретінде тарихта қалды. 1985–1989 жылдар аралығында 37 рет рингке шыққан АҚШ-тың арланы барлық бәсекеде басымдық танытты. Тайсон жалпы 59 кездесудің 50-інде жеңіске жетті. 44 қарсыласын нокаутқа жіберді. 7 мәрте ұтылып, тағы екі бәсекенің нәтижесі есепке алынған жоқ.
Федор Емельянконың да атағы алысқа жайылған. Ол жауынгерлік самбодан әлемнің бірнеше дүркін чемпионы, аралас жекпе-жектен «Прайдтың» чемпиондық белбеуінің иегері. 2001–2009 жыл аралығында «Соңғы император» бірде-бір айқаста жеңілген жоқ. Сол сегіз жыл аралығында 27 қарсыласын сұлатып салды. Барлығы 47 кездесу өткізген Емельяненко соның 40-ын өз пайдасына шешті. 31 бәсекеде айқын басымдық танытты. Бұл – өте керемет көрсеткіш.