Адам ағзасына аса пайдалы емдік қасиетке ие «шырғанақ» өсімдігін кейбіреулер біле бермейді. Алматы облысында дәл осындай атаумен тарихы терең бүтін бір ауыл аталады. Қойнауы құт ауыл іргесінен жуырда алты қанат ақбоз үйлер бой түзеген «Шырайлы Шырғанақ» атты этноауыл ашылды. Сылдырай аққан өзен бойында жайқалған шырғанақ жаздыгүні жанға жайлылық, жұпар ауа, көз сүйсінтер көркемдік сыйлайды.
«Мақсатымыз – ауыл маңын халық саялап, демалатын орынға айналдыру. Көктемде бір гектар жерді алып жатқан этноауылымызды жиектетіп 200-ден аса ағаш отырғыздық. Қоршаудың ішкі бойымен қырғыз талдарын, шырша, самырсын қарағайы, қараөрік, арша ағаштарын ектік. Күзде сыртына шырғанақ отырғызуды жоспарлап отырмыз. Себебі ауыл іргесінен әрі-бері өткен жолаушы өзен жағасындағы шырғанаққа бұрыла бермейді. Дәруменге өте бай жеміс ағашын танып әрі оны теріп алуына мүмкіндік туады. Ағаштарды күтіп-баптауға ауыл балаларын жұмылдырып, жас буынды еңбекке баулысақ, қоршаған ортаны аялауды үйренетін рухани орталыққа айналдырсақ деген ниеттеміз», дейді кәсіп иесі Мұрат Нөкербанұлы.
Қаздай тізілген қазақ үйлерде ауыл қариялары тарихтан сыр шертсе, ақсамайлы аналар ертегі тиегін ағытпақ, енді бірінде ұлттық қолөнеріміздің шеберлік сағаттары өткізілсе, ауласына құрылған алтыбақанда ауылдың алтыауыз әні шырқалып, сұр мергендер садақ атып, асық ойнап мәз-мейрам болмақ. Сондай-ақ волейбол алаңы салынып, өзен жағасынан бассейн іске қосылады. Әрі олар тегін қызмет көрсетеді. «Тазабек батыр сарбаздары қылышын қайраған тас» та жәдігер ретінде осы этноауылдан орын алған. Келешекте ұлттық мұраға айналған құнды дүниелерді жинап, аспанасҚты музейін ашу жоспарда бар. Сонымен бірге жәрмеңке ұйымдастырып, шеберлердің қолынан шыққан бұйымды саудалауына тегін орын беру көзделген.
Бір сөзбен, жаңадан бой көтерген әсем этноауыл 2 мыңға жуық халқы бар Шырғанақтың шырайын кіргізіп, тұрғындардың тұрмысына да оң әсерін тигізетін болады.
Алматы облысы