Алматыдағы Астана алаңында «Жастар Рухы» ЖҚ бастамасымен салауатты өмір салтын дәріптейтін «Чемпиондық рух» жобасы аясында кең ауқымды таңғы жаттығу өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Шараның басты мақсаты – жастар мен қала тұрғындарын спортқа баулу, белсенді өмір сүруді насихаттау және таңғы жаттығу мәдениетін қалыптастыру.
Таңғы сағат 08:00-де басталған жаттығуға қала тұрғындары мен ұйым жастар, сондай-ақ Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының қайта даярлау курсында даярлаудан өтіп жатқан мемлекеттік қызметшілер қатысты. «Чемпиондық рух» жобасы – бұл тек жаттығу ғана емес, ол – жеңіске жетуге деген ұмтылыстың, ішкі тәртіп пен рухтың символы. Осы жоба Алматы қаласынан бастау алып, еліміздің барлық облыстарында жалғасын тауып келеді. Жобаны қолдау мақсатында шараға еліміздің танымал спортшылары қатысып өз тәжірибесімен бөлісті.
Игі шараның қонағы, кәсіпқой боксшы, орта салмақтың серкесі Қанат Ислам таңғы жаттығуға арнайы қатысты.
«Мен рингте көп қарсыласпен бетпе-бет келдім, бірақ ең үлкен қарсылас – өзіміздің еріншектігіміз бен қорқынышымыз. Таңғы жаттығу арқылы біз өзімізді жеңеміз. Осындай жобалар жас ұрпаққа үлкен серпін береді. Егер әр таңды қозғалыспен бастасаң – сенің күнің ғана емес, бүкіл болашағың жеңіске жетелейді», деді Қ.Ислам.
«Чемпиондық рух» жобасының амбассадоры Нұрсұлтан Орынбасаров спортты серік ету сергектікке бастайтынын жеткізді.
«Чемпион болу үшін тек рингте жеңу аз. Чемпиондық – бұл күнделікті тәртіп, таңды ерте тұрып, өз-өзіңмен күресу, рухани төзімділік. Біз осы жобамен жастарға бір нәрсені айтқымыз келеді: жеңіс әр адамның ішінде, оны ояту – өз қолыңда. Таңғы жаттығу – күннің емес, болашақтың жеңісі. Бұл бастама арқылы жастардың жүрегіне сенім ұялату – мен үшін үлкен мәртебе», деді білікті спортшы.
Алматы қаласы «Жастар Рухы» төрағасы Дидарбек Ділдәбек «Чемпиондық рух» бұл жай ғана спорттық бастама емес, бұл – жастардың ой-санасын оятуға, күнін белсенділікпен бастауға, тәртіп пен табандылыққа баулуға бағытталған жоба екенін атап өтті.
Шаһар жастары мен мемлекеттік қызметшілерінің бір алаңда жиналуы – біздің қоғамда салауатты өмір салтының шын мәнінде құндылыққа айналып келе жатқанын көрсетеді. «Жастар Рухы» алдағы уақытта да жастардың физикалық және рухани дамуына бағытталған осындай форматтағы жобаларды тұрақты түрде ұйымдастыруға ықыласты», деді Д.Ділдәбек.
Іс-шара көңілді әуенмен, спорттық жаттығулармен, қатысушыларға арналған белсенді ойындармен көмкеріліп, чемпиондардың әсерлі әңгімелеріне ұласты. Ашық аспан астында өткен бұл іс-шара жаңа күнді шабытпен бастаудың тамаша үлгісіне айналса игі.