• RUB:
    6.63
  • USD:
    518.81
  • EUR:
    596.27
Басты сайтқа өту
Үкімет Бүгін, 12:10

Қазақстанда электромобиль шығаратын зауыт салынады

20 рет
көрсетілді

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Малайзияның әйгілі Proton Holdings Berhad компаниясының бас директоры Чунронг Лимен кездесу өткізді. Басқосу барысында автомобиль өнеркәсібіндегі екіжақты ынтымақтастық мәселелері және Қазақстан аумағында жаңа өндіріс орнын ашу перспективалары кеңінен талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Кездесу аясында Proton Holdings компаниясының Қазақстанда электромобильдер шығару жоспары назарға алынды. Малайзияның машина жасау саласындағы көшбасшысы саналатын компания қазіргі таңда іштен жану қозғалтқыштары бар автокөліктермен қатар, электромобильдерді де өндіріп, 26-дан астам елге экспорттап отыр. Сонымен қатар компанияның заманауи трансмиссиялар мен көлік құралдарын әзірлеу, жобалау және инженерлік зерттеу орталығы жұмыс істейді.

Олжас Бектенов Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өндірісті локализациялау, жаңа жұмыс орындарын ашу және машина жасау саласын дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Инвестиция тарту және жаңа өндіріс орындарын ашу Қазақстан экономикасын әртараптандыру және орнықты өсуі үшін маңызды мәнге ие. Осы жылдың бірінші тоқсанында аталған салаға 55 млрд теңге инвестиция тартылған. 2024 жылы инвестиция көлемі 2 есеге – 282 млрд теңгеге жеткен.

Кездесу барысында Үкіметтің жобаны жүзеге асыруға толық қолдау көрсетуге дайын екені мәлімделді. Әсіресе, ғылыми-техникалық әлеуетті дамыту мақсатында зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар бағытында бірлесіп жұмыс істеудің маңыздылығы атап өтілді.

Proton Holdings бас директоры Чунронг Ли Қазақстанда инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалғанын айтып, отандық нарыққа шығуға компанияның қызығушылық білдіріп отырғанын жеткізді.

Кездесу қорытындысында тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға ниетті екендерін білдірді. Жобаны іске асыру үшін ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне арнайы Жол картасын әзірлеу тапсырылды.