• RUB:
    6.63
  • USD:
    518.81
  • EUR:
    596.27
Басты сайтқа өту
Мектеп Бүгін, 11:30

Оқушыларға кәсіптік бағдар беретін цифрлық құрал әзірленді

20 рет
көрсетілді

Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-мен бірлесіп оқушыларға кәсіптік бағдар берудің «Оқушының қызығушылықтары мен дағдыларының икемді бейіні» (ОҚДИБ) цифрлық әдістемесін әзірледі, деп хабарлайды Egemen.kz.

Отандық мазмұнға бейімделген аталған әзірлеме еліміз бойынша 10 мыңнан астам оқушы қатысқан сынақтан өткен.

Ы.Алтынсарин академиясының президенті Нәзипа Аюбаеваның айтуынша, аталған құрал университеттердің 400-ден астам бағдарламасы, колледждердің 200-ге жуық мамандығы мен жұмысшы кәсіптерін біріктіретін Мансап компасы цифрлық платформасына енгізілген.

«Платформа оқушылардың, педагогтердің және ата-аналардың жеке кабинеттеріне қол жеткізуді қамтамасыз ете отырып, бір цифрлық кеңістікте жүйелі кәсіптік бағдарлауды қамтамасыз етеді. Тест нәтижелері автоматты түрде өңделеді: оқушылар – жеке ақыл-кеңестер, педагогтер – заманауи сүйемелдеу құралдарын, ал ата-аналар – баланың даму сараптамасы мен динамикасы туралы ақпарат алады», деп атап өтті Н.Аюбаева.

Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша аталған бастама болашақ кәсіпті ерте жастан саналы таңдауды қалыптастыруға бағытталған және 7-9 сынып оқушыларына арналған. Бұл әдістеме оқушыларға қызығушылықтарын айқындауға, қабілеттерін анықтауға және одан әрі даму үшін оңтайлы бағыттарды таңдауға септеседі.