Таяу Шығыстағы ахуал шиеленіскен жағдайда Қазақстан өз азаматтарын Иран Ислам Республикасының аумағынан жедел эвакуациялады. Үйлесімді жұмыс пен ведомствоаралық өзара іс-қимылдың жоғары деңгейінің арқасында еліміздің Сыртқы істер министрлігі, құзыретті мемлекеттік органдары мен шетелдегі дипломатиялық өкілдіктері 109 отандасымызды елге қайтарды.
Эвакуация өңірдің достас мемлекеттерінің аумақтары арқылы транзитпен жүзеге асырылды. Атап айтқанда, 89 адам Ираннан Түрікменстан арқылы және 20 адам Әзербайжан арқылы өтті. Барлық азаматқа консулдық-құқықтық көмек көрсетілді және Отанға оралу үшін қажетті жағдай жасалды.
Сыртқы істер министрлігі Иран, Түрікменстан және Әзербайжан билігіне отандастарымыз бүкіл бағыты бойынша қауіпсіз және уақтылы өтуін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарған көмек пен нәтижелі өзара іс-қимыл көрсеткені үшін ризашылығын білдіреді.
Эвакуациялық іс-шараларды дайындау және өткізу барысында ел дипломаттары тәулік бойы жергілікті билікпен іс-қимылды үйлестіріп, маршруттардың логистикасын қамтамасыз етті, сондай-ақ құзыретті органдармен өзара іс-қимыл жасады және отандастарымызға қажетті қолдау көрсетті.
Қысқа мерзімде 200-ден аса азаматымыз хабарласып, оларға көмек көрсетілді. Ирандағы барлық ел азаматтарымен үздіксіз байланыс орнатылып, олардың алдын ала келісілген транзиттік бағыттары бойынша жүріп-тұруы ұйымдастырылды.
Отандастарымызды елге қайтару бойынша жұмыс әлі де жалғасады. Сондай-ақ қазіргі уақытта СІМ басқа құзыретті ведомстволармен бірлесіп ел азаматтарын Израиль мемлекетінен эвакуациялауды пысықтап жатыр. Шетелдегі азаматтарымыздың құқығы, қауіпсіздігі мен амандығы – еліміздің сыртқы саяси бағытының аса маңызды басымдығы.
Осыдан бірер күн бұрын Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыс өңіріндегі қауіпті әскери шиеленіске байланысты өз алаңдаушылығын білдіріп, елдің Израиль мемлекетіндегі елшілігі сол аймақтағы отандастар үшін жедел желі телефон нөмірлерін жариялады.
«Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына байланысты еліміздің Тель-Авивтегі елшілігі Израильдегі барлық азаматтарымызға Тыл қолбасшылығының нұсқауларын (https://www.oref.org.il/ru)
сақтауға, қауіпсіздік шараларын барынша күшейтуді, сақтық пен қырағылық танытуды, соңғы жаңалықтарды қадағалауды, сондай-ақ Қазақстан елшілігімен байланыста болуды сұрайды», делінген хабарламада.