• RUB:
    6.63
  • USD:
    519.55
  • EUR:
    596.03
Басты сайтқа өту
Сұхбат Бүгін, 09:17

Ислам НАЗАРАЛИЕВ: Экспедиция бірлескен жобаларды жүзеге асырады

10 рет
көрсетілді

«Еуразия жүрегіне саяхат» атты халықаралық экспедиция жалғасып келеді. Ресейдің Мәскеу қаласынан басталған ­сапар Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан елдерін қамтиды. Оған 70-тен аса ғалым, кәсіпкер, блогер мен студент қатысып жатыр. Олар бес мемлекет арқылы шамамен 8 мың шақырымды жүріп өтеді. Осылайша, сол аймақтың тарихымен, мәдениетімен танысады. Осы орайда экспедицияны ұйымдастыру комитетінің жетекшісі Ислам Назаралиевпен аз-кем әңгімелестік.

– Ислам мырза, осындай халықаралық деңгейдегі экспедиция ұйымдастыру идеясы қалай пайда болды?

–­ Бәрі қарапайым ойдан бас­талды. Достарымызбен көне керуен жолымен жүріп өтсек деген тілек туды. Алғашында 3-4 көлікпен шағын демалыс сапарын жоспарладық. Кейін бұл идея­ны көпшілікпен бөліскен соң, бастама жаңа леп алып, ортада түрлі ұсыныс айтылды. Бірі Түркістан, Тараз, Самарқанд, Ош секілді тарихи қалаларда өтетін маңызды іс-шараларды, енді бірі бұл сол елдердегі таныстарымен жолығуға таптырмас мүмкіндік екенін айтып қалды. Көп ұзамай көршілес елдер де қызығушы­лық танытып, экспедицияны ресми түрде қолдады. Нәтижесінде, Ресейдің Сауда-өнеркәсіп палатасы жанындағы Ресей – Тәжікстан іскерлік кеңесінің бастамасымен жай ғана саяхат ауқымды халықаралық жобаға айналды.

– Жобаның мақсат-міндеті қандай?

– Экспедиция – бұл жаңашыл­дыққа жол ашатын, іскерлік байланыстар орнататын, бірлескен жобалар жүзеге асатын маңыз­ды алаң. Сондықтан сапардың мақсат-міндетін іскерлік, ғы­лы­ми, мәдени-гуманитарлық және медиа саласына негіздедік. Саяхат барысында жергілікті тұрғындармен ашық сөйлесіп, олардың пікірін тыңдаймыз, тә­жірибе алмасып, аталған бағыт­тар бойынша нақты ұсыныстарды ортаға саламыз. Жобаның басты ерекшелігі де сол, жол бойын­дағы кездесулер арқылы өңір­дің тіршілігімен тыныстаймыз, ха­лық­тың жүрекжарды сөзін естиміз.

Жинақталған дерек пен дәйек сараланып, экспедицияның соң­ғы нүктесі Душанбеде 22 шілде­де өтетін Орталық Азияның ха­лықаралық экономикалық фо­­ру­мында талқыланып, қоры­­тындыланады. Іс-шара «Рос­кон­гресс» қорының қолдауымен ұйым­дастырылып, бас-аяғы 500-ден аса қатысушы болады. Олар­дың арасында әртүрлі елдердің бизнес өкілдері, мемлекеттік органдар, университеттер мен ғылыми қауымдастықтардың мү­шелері, сондай-ақ мәдениет қай­раткерлері бар.

Негізі «Еуразия жүрегіне сая­хат» экспедициясы – Орталық Азияда іскерлік, гуманитарлық және ғылыми байланыстарды нығайтуға бағытталған бірегей жоба. Бастама мәдени мұра мен заманауи технологияларды тоғыстыра отырып, нарықты кеңейтуге әрі халықаралық әріп­тестікті одан әрі ілгерілетіп, өңір­дің экономикалық өсіміне түрткі болады. Сондай-ақ платформа бизнес, ғылыми орта және жастар қауымдастықтары ара­сындағы өзара іс-қимылға жол ашады деген сенімдеміз.

– Қазақстанның қай қала­сына баруды жоспарлап отырсыздар?

– Экспедиция бес мемлекеттің 30 қаласы арқылы өтеді. Шамамен 8 мың шақырымды 51 күнде еңсереміз деп жоспарлап отырмыз. Олардың әрқайсысында бизнес-форум, ғылыми сессия, мәдени және медиа кездесулер секілді ондаған іс-шара ұйымдастырылады.

Қазір достық керуені шамамен 2 мың шақырым жолды артқа тастап, сапардың алғашқы ширегін еңсеріп, Қазақстанның Ақтөбе қаласына таяп қалды. Жалпы, елдің 8 қаласында боламыз. Маршрутта Астана, Алматы, Шымкент секілді ірі мегаполис­тер бар.

Жол бойындағы бірқатар ірі қалада бизнес кездесулер, экс­порт­­тық тауарлардың тұсау­ке­­­­сер­­лері болады, жасыл эконо­­­­­ми­ка, логистика туралы пікірталас­тар өтеді. Сондықтан экспеди­ция – белсенді, креативті, талантты бизнесмендер үшін де таптырмас мүмкіндік. Өйткені қазақстандық компаниялар өздерін аймақтың басқа елдерінің серіктестеріне де көрсетуге мүмкіндік алады.

– Сіз үшін сапардың мән-маңызы неде?

– Бұл халықаралық экспедиция – Орталық Азияны тек географиялық аймақ ретінде емес, жаңа мүмкіндіктер мен тех­­но­логиялар, идеялар тоғыс­қан кеңістік ретінде қарау мүм­кіндігі. Орталық Азия – тұтас құр­лық­тың жүрегі. Ал Ресей мен Қазақстан – осы кеңістіктің ажырамас, маңызды бөлігі. Сапар – өткенімізге құрметпен қарай отырып, тату көршілікке негізделген болашақты бірге құруға жол ашатын көпір.

Біз цифрлық дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Бұл заманда қа­шықтық шартты ұғымға айнал­ды, ал адамдар арасындағы сенім ең тапшы әрі ең құнды ресурс саналады. Осы саяхат арқылы түрлі елдегі адамдармен жүз­десіп, сөйлесіп, ортақ даму жо­лын­дағы жаңа бағыт-бағдарды айқындаймыз.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Зейін ЕРҒАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»