Бүгін Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды мегаполистегі денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қомақты үлес қосқан дәрігерлерге Қазақстан Республикасы Президентінің атынан мемлекеттік наградалар табыстады.Марапат ұзақ жылдар бойына медицина саласында атқарған адал жұмыстары, жоғары кәсіби біліктілігі үшін берілді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сонымен III дәрежелі «Барыс» орденімен медицина ғылымдарының докторы, мемлекет қайраткері Василий Девятко марапатталды. «Парасат» орденін «Ұлттық медициналық қауымдастық» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Айжан Садықова алды. «Құрмет» орденімен А.Н.Сызғанов атындағы ҰҒХО жалпы хирургия бөлімінің меңгерушісі Ерлік Нұрланбаев марапатталды. «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы оториноларинголог-дәрігер Айсұлу Нұрмағамбетоваға берілді.
Дархан Сатыбалды денсаулық сақтау саласының тұрақты дамуы кәсіби білікті, ісіне шынайы берілген әрі мықты мамандардың арқасында екенін өтіп, Мемлекет басшысының атынан барлық медицина қызметкеріне жанкешті еңбегі үшін алғыс білдірді.
«Біз үшін сапалы медициналық көмектің қаланың барлық аудандарында қолжетімді болуы маңызды. Біз ел Президенті белгілеген бағытты жалғастырамыз. Атап айтсақ, инфрақұрылымды жаңарту, мекемелерді техникалық қайта жарақтандыру, кадрлық әлеуетті дамыту және ауруханаларда да, емханаларда да медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру», деді Алматы әкімі кездесуге қатысушыларға арнаған сөзінде.