• RUB:
    6.58
  • USD:
    517.45
  • EUR:
    598.59
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 12:00

Министр жеке деректердің таралуына қатысты түсініктеме берді

20 рет
көрсетілді

Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев 16 миллионнан астам азаматтың жеке деректерінің желіге таралуы туралы ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәжіліс кулуарында министр бұл мәліметтердің жаңа емес, бұрыннан белгілі және бұған дейін интернетте тарап кеткен деректер екенін айтқан.

«Бұл жаңа деректер емес, мемлекеттік дерекқорлардың бұзылғаны жайлы ақпарат жоқ. Бұл – бұрындары тараған «тарихи» деректер, қазіргі таңда олар даркнетте бар. Telegram-арналарда пайда болған жағдайда оларды бұғаттаймыз. Бұл мәліметтер 2024 жылдың 1 мамырына дейінгі кезеңге тиесілі», деді Жаслан Мәдиев.

Министрдің айтуынша, қазақстандықтардың жеке деректері ара-тұра ашық қолжетімділікке шығып тұрады.

«Даркнетте аты-жөні, кей жағдайда ЖСН, кейде телефон нөмірлері (мобильді, үй, жұмыс нөмірлері) таралған. Бірақ бұл мәліметтер ашық желіге шыққан сәтте біз дереу шара қабылдап, Telegram-арналарды бұғаттап отырамыз», деді министр.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін интернетте 16,3 миллион қазақстандықтың жеке деректері жарияланғаны туралы ақпарат тараған. Атап айтқанда, таратылған деректер арасында азаматтардың аты-жөні, жынысы, туған күні, ЖСН, мекенжайы, тұрғылықты болу күні, мобильді және үй, жұмыс телефондары, азаматтығы, ұлты және басқа да жеке мәліметтер бар.

Сонымен қатар, министрлік тарапынан деректері таралған азаматтарға egov.kz электронды үкімет порталы арқылы ескерту хабарламасы жіберілетіні хабарланды.