Алматыда студенттер қалашығы тұрғын үйлерге айналғалы тұр. Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің аудиториялары, зертханалары мен жер телімдері жекеменшікке сатылып кеткен. Қазір университетке қарасты студенттер қалашығының дәл орталығында терең шұңқыр қазылып, құрылыс жұмысы жоспарланған.
Университет оқытушыларының айтуынша, аталған жер учаскесі жоғары оқу орнының меншігінен заңсыз шығарылған. Студенттер қалашығының қақ ортасында тұрғын үй кешенін салу жоспарына алаңдаған университет ұжымы «Amanat» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңеске шағым түсірген. Осыған орай партия мүшелері Алматыдағы ҚазҰАЗУ аумағында көшпелі жиын өткізді. Олардың айтуынша, құқық қорғау органдары тиісті шара қабылдауға асығар емес.
Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров бұл 2000-жылдардан бері созылып келе жатқан мәселе екенін атап өтті. Сол кезеңде университет меншігінен үш жатақхана, бес ірі зертхана және жалпы аумағы 6 гектарға жуық бірнеше жер телімі шығарылған. Солардың бірі кампустың дәл ортасында орналасқан 96 сотық жер телімі бүгінде дау-дамайға айналған. Университеттің мәліметінше, «RAMS Kazakhstan» құрылыс компаниясы бұл жерге бес көпқабатты тұрғын үй салуды жоспарлаған.
– Біз мұнда жай сөзбен емес, нақты іспен мәселенің мән-жайын анықтау үшін келдік. Бұл – жеке тартыс емес, мемлекеттік маңызы бар мәселе. «Amanat» партиясы бұл мәселені шешуді көптен бері талап етіп келеді. Алайда прокуратура, Индустрия және құрылыс министрлігі, Жер ресурстарын басқару комитеті нақты шара қабылдамай отыр. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың заң үстемдігі мен тәртіпті қамтамасыз ету саясатына ашық түрде қарсылық деп санаймын, – деді Е.Саиров.
Оның айтуынша, Президент Алматының құрылыс мәселесінде ең алдымен құрылыс компанияларының емес, халықтың мүддесі ескерілуі қажет екенін бірнеше рет айтқан. «Жаңа әкім Дархан Сатыбалдының келуімен бұл мәселе жақын арада шешіледі деп үміттенеміз», деді депутат.
Қазір бұл аумақ ашық тұрған шұңқырға айналған. Жауын мен қар еріген сайын ол тереңдеп, жақын маңдағы ғимараттардың іргетасын шайып, оларға қаупін төндіреді. Бұл жағдай құрылыс және санитарлық нормаларға қайшы келеді.
Кеңес төрағасының айтуынша, құрылыс жобасы 2023 жылы бекітілген Алматының жаңа Бас жоспарына да сәйкес келмейді. Қазіргі жоспарлау бойынша, бұл аумақ білім беру аймағына тиесілі, сондықтан мұнда тұрғын үй кешенін салуға болмайды. Ал Алматы қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов құрылыс жұмысы сот шешімі шыққанға дейін тоқтатылғанын айтты. Оның айтуынша, құрылыс салушы компания шұңқырды көміп, қоршауды алып тастауға тиіс. Дегенмен рұқсат құжаттарының заңдылығына жүргізілетін тексерістен кейін ғана түпкілікті шешім қабылданады.
Университет өкілдері оқу инфрақұрылымына тығыз құрылыс жүргізуге жол бермеу қажет екенін алға тартып отыр.
– Студенттердің саны жыл сайын артып келеді, ал аудитория мен зертханалардың саны азайып барады. Біз тек ғимараттардан емес, сондай-ақ ғылыми және білім беру әлеуетімізден де айырылып жатырмыз. Бұл жерде бұрын шеберхана, гараж, ірі зертханалар болған, бірақ бәрін сүріп тастады. Қазір бізде 7 мыңға жуық студент оқиды, болашақта 10 мыңға жеткізгіміз келеді. Алайда жаңа жатақхана мен оқу корпустарын салуға бос жердің жетіспеушілігі басты мәселе болып отыр, – деді ҚазҰАЗУ басқарма төрағасының орынбасары Қуат Сұлтанғазиев.
«Amanat» партиясы даулы жер телімін қоса алғанда, университеттің заңды меншігін қайтаруға бар күшін салатынын мәлімдеді. Е.Саиров бұл мәселені Премьер-министр мен Бас прокурорға жеткізгенін айтты. Ол аталған істі олардың жеке бақылауына алу туралы ресми өтініш білдірген.
Айта кетсек, 2023 жылы Алматы қаласының прокуратурасы ҚазҰАЗУ-да бюджет қаражатын жымқыру фактілерін анықтады. Қазір университет мүлкін заңсыз иеліктен шығару дерегі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.