Жыл басынан бері 247,6 мың азамат, оның ішінде 39,4 мыңға жуық жұмыссыз Skills Enbek кәсіптік оқыту платформасында онлайн-курстардан өтіп, оқығанын растайтын сертификат алған. Осы күнге дейін платформаға 791,3 мың адам, оның ішінде жыл басынан бері 292,6 мың адам тіркелген.
Оқудан өткен 39,4 мың жұмыссыз азаматтың 10,4 мыңға жуығы негізінен Түркістан, Алматы, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласының жастары. Платформа іске қосылғаннан бастап авторлар түрлі бағыт бойынша мыңнан астам курс жариялаған. Оның 332-сі тегін. Бұдан өзге Courstore, Fluent Education және Яндекс Қазақстан серіктестерінің курстары бар. Платформадағы кез келген курстың ұзақтығы 1-ден 72 сағатқа дейін болуы мүмкін. Мамыр айында жиі сұраныста болған курстардың ішінде «Сенің мансабыңдағы қадам: «Электрондық еңбек биржасын қалай пайдаланамыз», «Motion design», «Сақтандыру агенті» сынды сабақтар бар. Платформада білім беру, тәрбиелеу, әлеуметтік қызмет көрсету тағысын-тағы саладағы түрлі мамандықтар бойынша тегін курстар саны үнемі артып отырады.
Skills Enbek қосымшасы халықтың білім деңгейі мен кәсібилігін арттыруға, мансаптық дамуды ынталандыруға, «Өмір бойы оқыту» тұжырымдамасын ілгерілетуге бағытталған. Маркетплейс қызметтер нарығы қағидаты бойынша онлайн курстарға қол жеткізуді ұсынатын халықаралық оқыту алаңдарына ұқсас құрылған. Курстар электрондық еңбек биржасында (enbek.kz) қолжетімді. Платформада білім алушы оқуды өзіне ыңғайлай алады. Ел азаматтары көп курстың ішінен өзіне керегін таңдаған соң, оқу үдерісін бақылап, тіпті курс авторларымен жылдам байланыса алады. Пайдаланушыларға жасанды интеллект көмегімен чат-бот қолжетімді. Оқу аяқталған соң білім алушы 70% шекті деңгеймен тест тапсыруға тиіс. Онлайн курсты сәтті аяқтағандар ғана дағдыларды игергенін растайтын сертификат алады.