Елімізде халықты әлеуметтік қолдауға қатысты ұлан-асыр жұмыс жасалып жатыр. Әсіресе өздігінен үй сатып ала алмайтын жеңілдетілген санаттағы азаматтарға деген жанашырлық айрықша. Көптеген адамдар белгілі бір тәртіппен кезекке тұрып, баспанаға қол жеткізіп келеді.
Алайда кейбір жандардың қиын жағдайы заңда жеткілікті қарастырылмаған ба, әлде заңнаманы жетік білмейтін шенеуніктер ескермей ме, әйтеуір әлеуметшіл мемлекетіміздің жанашырлығын жоққа шығарып, дағдарып қоятын оқиғалар да кездесіп қалады. Біз бүгін соның бір мысалы туралы әңгімелемекпіз.
Кәмилә (құжатта Әминә) Әлібаева солтүстікке аты шыққан әнші, ақындық өнері де бар. Дәстүрлі әннің дүлдүлі Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті. Ұзақ жылдар бойы халықтың рухын көтеруге атсалысып, сахнада өнер көрсетті. Петропавлдың филармониясында ән шырқады. Кеңестік кезеңде қазақ өнеріне қамқорлық кемшін болып, филармониядағы қазақ тобын таратып жіберген соң, облыстық телеарнада дыбыс режиссері қызметін атқарып, зейнет демалысына шықты. Телеарнада істеген жылдары да өнерден қол үзбей, облыс, республика көлеміндегі концерттерге, айтыстарға қатысып, өңіріміздің намысын қорғап жүрді.
Осындай жан бүгінде ғаріп болып отыр. Қант диабеті дертінің салдарынан бірінші топтағы мүгедектікке ұшыраған. Екі бірдей жанары көруден қалған. Өзегінен өрген екі ұлының бірі үйленіп, бөлек кеткен. 30-дан асқан екінші ұлы жүріп-тұруы кісінің қолына қарап қалған анасын күтіп, жанында отыр. Ресми түрде «1-топтағы мүгедек адамның күтушісі» деп ресімделген.
Сахнада жарқылдап жүрген жылдарда өнерін бағалаған басшылар оған бір бөлмелі пәтер бергізген. Соған мәз болған басы қазақтың тәубешілдігімен оны кеңітіп алуды баласы жас болғанда ойламаған екен. Ойласа да нан табудың өзі қиын болған жылдарда оған қол жеткізе алмаған. Енді жанындағы баласы өсіп, азамат болғанда екеуіне қуықтай бір бөлме тарлық етіп отыр. Ер азаматтың алдында қартаң кісіге киініп-шешінудің өзі бір мұң.
2008 жылы ол сол кездегі облыс әкімі Серік Біләловқа жүгініп, үйін кеңітіп беруді өтінгенде, әкім оның жағдайын комиссиямен қарап, 2009 жылғы қыркүйекте жеңілдігі бар адамдар қатарында кеңейтілген үйдің кезегіне қойғызады. Бұл 4000-кезек болатын, бірақ жазған құлда шаршау бар ма, Кәмилә апай соған көніп, кезекке тұрған. Содан бері 16 жыл уақыт өтсе де Кәмилә (Әминә) Әлібаева әлі күнге лайықты пәтер ала алмай келеді.
«Кезегімді білсем 244-ке жеткен екен. Шүкір, азайған екен деп қуанып қалсам, қызметкер маған: «Апа, менің үйім бар, сондықтан кезектен сызыңыз» деп арыз жазыңыз. Заң жүзінде сізге үй беруге болмайды», дейді. Мына сөзден кейін мен жүрегім аузыма тығылып, талып қала жаздадым. Сонда мен 16 жыл бойы еріккеннен кезекке тұрып келіппін бе, ондай заң болса неге үй береміз деп кезекке тұрғыздыңдар десем, әлгі қызметші мардымды жауап бермеді», дейді ол.
Қайтадан есіктерді жағалап, қабылдауларға жазылып, кезектерге тұрып, қашанғы жүре берсін, бұл жолы К.Әлібаева ел газеті «Егемен» ара түсер ме екен деп, бізге қайрылды. «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 75-бабының 1-бөлігінде мемлекет беретін үйлердің пайдалы көлемі әрбір адамға 15 шаршы метрден кем болмайтыны, сондай-ақ заңда «отбасында ауыр дертті адамдар болса ондайға жеке бөлме беріледі» деп жазылған. К.Әлібаеваның қазіргі үйінің пайдалы көлемі 18 шаршы метр, 2 адамға екі есеге жуық тар.
К.Әлібаева: «Мен артық пәтер сұрап отырған жоқпын, ал дегеннен: «Бір бөлмемді алып, орнына кезегім келгенде екі бөлмелі пәтер берсеңіздер болды дегенмін», дейді.
Әділетті, әлеуметшіл елдің қызметкерлері мемлекеттің халыққа жасап отырған жанашырлығына нұқсан келтірмеуге тиіс. Тиісті органдар бұған көңіл аударар деген үміттеміз.
Солтүстік Қазақстан облысы