Жамбыл облысындағы Jibek Joly арнайы экономикалық аймағында толық өндірістік циклді металлургия комбинатының құрылысы бойынша ірі инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Инвестор — Fujian Hengwang Investment Co., Ltd. қытай компаниясы, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қазіргі уақытта инвестиция бойынша келісім жасалып, бөлінген жер учаскелерін құрылыс-монтаж жұмыстарына дайындау белсенді жүргізіліп жатыр. Индустриялық аймаққа теміржол, электр желілері және табиғи газ сынды қажетті инфрақұрылым тартылған.
Айта кетейік, құрылыс кезеңінде 1,5 мың уақытша жұмыс орны ашылып, зауыт іске қосылғаннан кейін 2,5 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Инвестор компания жұмыс күшінің кемінде 90%-ын жергілікті тұрғындардан алуды көздеп отыр.
«Жобаны жүзеге асыру екі кезеңге: 2025 жылдан 2029 жылға дейін жоспарланған. Зауытты пайдалануға беру 2027 жылға белгіленсе, одан кейінгі екі жыл ішінде өндірістік қуаттылықты кеңейту жұмыстары жүргізіледі. Жалпы инвестиция көлемі – $756 млн. Жаңа кәсіпорын темір кенін заманауи сутекті технологиямен өңдеп, жылына 3 млн тоннаға дейін өнім шығаруға қауқарлы болады. Бұл еліміздегі сутек негізіндегі шахта пешін пайдаланатын алғашқы металлургиялық кешен болмақ. Жоба саланың «жасыл» трансформациясы талаптарына толық сай келеді», делінген Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
«Fujian Hengwang Investment Co., Ltd» басқарма төрағасының орынбасары Ли Чжундун зауыт толық қуатына шыққан соң, оның өнімі ішкі нарықтағы болат тапшылығын өтеп қана қоймай, Орталық Азия, Украина мен Еуропа елдеріне экспортқа бағытталатынын айтты.
«Құрылыс аяқталғаннан кейін, біздің өнім Қазақстан нарығындағы болат тапшылығын толықтай жаба алады. Ішкі сұранысты қанағаттандыра отырып, біз сонымен қатар көршілес елдерге де өнім жеткізу арқылы Қазақстан экономикасының және экспорттық әлеуетінің дамуына үлес қоса аламыз. Жоба іске қосылған соң, ол тек өндіріс саласының емес, сонымен қатар логистика, кен игеру, тіпті туризм мен қоғамдық тамақтану секілді ілеспе салалардың да дамуына серпін береді», деді ол.
Сонымен қатар жобаны іске асыру өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді. Қабылданған міндеттемелер шеңберінде Fujian Hengwang Шу қаласында тұрғын үй кешендерін салады, сондай-ақ аумақтарды көгалдандыру, балабақшалар мен қалалық саябақтар салуды қоса алғанда, әлеуметтік бастамаларды тұрақты негізде қолдайтын болады.
Айта кетейік, Fujian Hengwang Investment Co., Ltd. бүгінде ҚХР-дағы үш металлургиялық кәсіпорынды басқаратын және жылына 23 млн тоннаға дейін болат өндірісінің жалпы көлемін бақылайтын өнеркәсіптік өндірістегі ең ірі әлемдік көшбасшы болып саналады. Жобаларға инвестициялардың жалпы көлемі $6 млрд-тан асады. Қазақстанда еншілес құрылым – АЭА қатысушысы мәртебесін алған «Yonggang Central Asia Iron and Steel» ЖШС тіркелген.