Ауыл тұрғындарына қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет көрсету мақсатында қолға алынған ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында еліміздің түкпір-түкпірінде 479 алғашқы медициналық-санитариялық көмек (МСАК) нысанының құрылысы аяқталды. Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жаңа нысандардың 178-і бұған дейін медициналық мекемелері болмаған ауылдарда салынса, қалған 301-і ескірген және бейімделген ғимараттардың орнына бой көтерген.
Вице-министрдің айтуынша, 2025 жылдың соңына дейін тағы 176 МСАК нысанының құрылысы аяқталады деп жоспарланған.
Жобаны тиімді әрі жедел жүзеге асыру үшін еліміздегі 5 климаттық және сейсмикалық аймақты ескере отырып, типтік (эталондық) жобалар әзірленді. Мұндай тәсіл жобалау уақытын қысқартып, құрылысқа бөлінген бюджеттен 16,5 млрд теңгеге жуық қаражатты үнемдеуге мүмкіндік берген. Бұған қоса, ұлттық оператор әзірлеген стандартты жобаларды қолдану арқылы құрылыс сапасы мен тиімділігі артты.
Ең бастысы, эталондық жобалар аясында қолданылған құрылыс материалдары мен жабдықтардың 80%-дан астамы — отандық тауар өндірушілердің өнімдері.