• RUB:
    6.52
  • USD:
    512.44
  • EUR:
    593.15
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 11:10

Араб әмірлігінен 300-ден астам қазақстандық қайта алмай отыр

30 рет
көрсетілді

Иран мен Израиль арасындағы әскери қақтығыс салдарынан шамамен 300-ге жуық қазақстандық азаматтың Біріккен Араб Әмірліктерінен (БАӘ) Қазақстанға ұшу рейстері кешіктіріліп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz  КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Туристер уақытша арзан қонақүйлерге орналастырылған, олардың айтуынша, жағдай көңіл көншітпейді: толыққанды тамақ берілмеген, ал бөлмелерге тек түнде кіргізеді.

Сапардан орала алмай отырғандардың арасында  Оксана Колесниченко да бар. Ол қызымен бірге 13 маусымда Астанаға ұшуы тиіс болған, алайда әскери қимылдар басталғаннан кейін рейс тоқтатылған.

«Күн сайын сағат 12-де бізді бөлмелерден шығарады. Жүгімізді сүйретіп, балаларымызды алып, ары қарай не болатынын күтіп холлда отырамыз. Ешкім ештеңе түсіндірмейді. Бізге тек таңғы ас беріледі. Қалған уақытта әркім өзі қалаған жерінен тамақтанады. Бірақ, ақшамыз да таусылып жатыр», дейді ол.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, қазір шетелде қалып қойған азаматтардың саны 300-ге жуық.

«Қазіргі уақытта БАӘ-ден Қазақстанға бірқатар әуе компаниялары рейстерді тоқтатқандықтан, 300-ге жуық азаматтың ұшуы уақытша мүмкін болмай отыр. Олардың көпшілігі – туристер. Оқиға орнында біздің дипломаттар жұмыс істеп жатыр. Әуе компанияларымен келісім нәтижесінде алдағы уақытта азаматтардың жартысынан көбі елге қайтарылады», деді ол.

Бұған дейін FlyDubai әуе компаниясының екі рейсі арқылы 332 жолаушы Алматыға жеткізілген. Осы уақытта Қазақстан әуе тасымалдаушыларына Иран, Израиль, Сирия, Ирак, Иордания және Ливан әуе кеңістігі арқылы ұшуға уақытша тыйым салынған. Бұл жағдай тек БАӘ ғана емес, Мысыр мен Катардан да азаматтарды елге қайтаруды қиындатып жатыр.

Соңғы төрт күнде шамамен 2 мың қазақстандық елге жеткізілген. Енді кезек – БАӘ-де қалып қойғандарға келіп отыр.

«Эмираттық FlyDubai мен Air Arabia компаниялары рейстерді орындаудан бас тартты. Олар мәселені шешуге, үлкен ұшақтарды табуға тырысып жатыр. Мәселе – толық отынмен, толық жүктемемен ұшып, кемінде Алматыға жету мүмкіндігіне келіп тіреліп отыр. Олардың ұшу қашықтығы  жеті сағатты қамтуы тиіс, бұл барлық ұшақтың қолынан келе бермейді», деді «Туристік Қамқор» қорының төрайымы Инна Рей.

SCAT авиакомпаниясы да өз бағыттары мен кестесіне мәжбүрлі өзгерістер енгізіп үлгерді.

Айта кетейік, Алматыға эвакуацияланған жолаушылар өз қалаларына өз бетімен жетуі тиіс — бұл үшін қосымша өтемақы қарастырылмаған.