Бүгін Астанада Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан президенттері мен ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің қатысуымен «Орталық Азия – Қытай» екінші саммиті өтеді. Басты тақырып аймақ елдерінің Қытай Халық Республикасымен ынтымақтастығы болмақ. Жалпы, Қытаймен аймақ арасындағы байланыс әр салада қарқынды даму үстінде. Оның үстіне «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен түрлі жобалар іске асып жатыр. Ал саммиттің берері не?
Сарапшылар «Орталық Азия – Қытай» саммиті өңірлік диалогті нығайту және бірлескен бастамаларды ілгерілету үшін жаңа жұмыс алаңы ретінде дүниеге келгенін айтады. Бұл форматтағы саммиттер екі жылда бір рет Қытайда және аймақ елдерінде алфавиттік тәртіппен кезектесіп өткізіледі. Еске салсақ, алғашқы саммит 2023 жылдың мамырында Қытайдың Сиань қаласында өтті. Онда Сиань декларациясында бекітілген сауда, инфрақұрылым, көлік және цифрландыру салаларындағы негізгі келісімдерге қол қойылды.
Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Азиялық зерттеулер бөлімінің басшысы Айдар Құрмашевтің айтуынша, бұған дейін өзара қарым-қатынас, іс-әрекет негізінен жеке форматта, Қытай мен Қазақстан, АҚШ пен Өзбекстан және т.б. тараптар арасында жүргізілсе, бүгінде ұжымдық аймақтық форматтардың рөлі артып келеді. Аймақ елдері оқшауланбай, жүйелі серіктес ретінде әрекет ете бастады. Қазір осындай екіжақты байланыстармен қатар Орталық Азия – Қытай платформасынан Орталық Азия – Еуропалық одақ, ОА – Жапония және ОА – Оңтүстік Кореяға дейінгі аймақаралық байланыстар да белсенді қалыптасып келеді. Мұндай форматтағы жиындар үкіметтердің ауысуына, саяси циклдерге және жаһандық құбылмалылыққа қарамастан, тұрақты ынтымақтастық жолдарын құруға мүмкіндік береді. Геосаяси жағдайда бұл аймақтық хаб моделіне көшуді білдіреді.
«ОА – Қытай» саммиті – аймақ елдеріне жекелеген мемлекеттердің егемендігін шектемей, сыртқы субъектілермен диалогте ұжымдық ұстаным қалыптастыруға мүмкіндік береді. Барған сайын күрделеніп келе жатқан жаһандық геосаясат жағдайында дәл осы өзара әрекеттесу моделі икемді, функционалды, прагматизмге негізделген ең өміршең формат болып отыр. Оның тиімділігі – шектен тыс саясиландыруды жойып, ортақ мүддеге бағытталуында. Мұндай форматқа деген сұраныс Орталық Азияның әлемдік аренадағы рөлінің өзгеруімен де түсіндіріледі. Бүгінде аймақ – экономикада да, қауіпсіздікте де, экологияда да, цифрлық трансформацияда да белсенді қатысушы. Сондықтан стратегияларды үйлестіру, бастамаларды дамыту және бірлескен жобаларды іске қосу платформасына айналып отыр. Оның ерекшелігі сол, аймақтың сыртқы әсерлерге төзімділігін сынап көруге мүмкіндік береді. Бұл аймақішілік сенімді нығайтып, технологиялар мен білім трансфертіне ықпал ететін – білім беру және мәдени алмасуды ынталандыратын бейресми дипломатия», деді ҚЗСИ сарапшысы.
Бұған қоса Орталық Азия елдері Қытайдың қатысуымен басқа да көпжақты алаңдарда өңірлік мәселелерді белсенді түрде талқылап жүр. Атап айтқанда, 2024 жылы Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммиті өтіп, онда өңірдің тұрақтылық, инфрақұрылымдық өзара іс-қимыл және Қытай мен өңір мемлекеттерінің экономикалық ынтымақтастығы тақырыптары көтерілді.
Ал елімізге мұндай бастамаларға қатысу оның белсенді сыртқы саяси ұстанымын баса көрсете отырып, халықаралық беделін айтарлықтай арттырады. Сонымен қатар алпауыт көрші елмен экономикалық байланыстарды нығайтуға, инвестициялар тартуға, жаңа нарық пен елдің тұрақты дамуына тікелей әсер ететін технологиялық алмасуға септігін тигізеді.
Қытай Қоғамдық ғылымдар академиясының Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институтының директоры Сунь Чжуанчжи: «Орталық Азия Еуразияның ортасында, Шығыс пен Батысты байланыстыратын, солтүстіктен оңтүстікке қарай созылған жол торабында орналасқан. Әлемге тұрақты, гүлденген, үйлесімді Орталық Азия қажет. Осы орайда Қытай мен аймақ елдері екіжақты және аймақтық деңгейде ортақ болашақ қоғамдастығын құра отырып, ең алдымен Орталық Азияға пайда әкеледі, аймақтағы елдердің әр саладағы мақсаттарына жетуге көмектеседі», деген пікірде.
Сунь Чжуанчжидің айтуынша, халықаралық байланыссыз Орталық Азия дами алмайды. Қытайдың Орталық Азия елдерімен ынтымақтастығы да әлемдегі барлық елдің ортақ дамуына үлес қосуды көздейді. Екі жақ БҰҰ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі сияқты көпжақты ұйымдарда ынтымақтаса отырып, жаһандық басқару жүйесін жетілдіруге бірлесіп көмектеседі.
Сондай-ақ Қытай Қоғамдық ғылымдар академиясының Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институтының Орталық Азия және Кавказ бөлімінің басшысы Чжан Нин Қытайдың экономикалық өсімі мен саяси тұрақтылығы күмән тудырмайтынын айтады. Елдің әлеуеті Орталық Азияның даму қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге қабілетті.
«Дипломатиялық қарым-қатынас орнағаннан бері Қытайдың Орталық Азия елдеріне қатысты саясаты әрқашан осы елдердің егемендігін, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеуге негізделді, ынтымақтастық саяси жағдайларға байланысты емес, татукөршілік, шынайылық, өзара тиімділік және инклюзивтілік қағидаттарын, сондай-ақ жалпы адамзаттық ортақ болашақ құру тұжырымдамасын ұстанады», дейді Чжан Нин.
Оның айтуынша, болашақта Қытай мен Орталық Азия елдері географиялық жақындық, достық саяси қарым-қатынас мен ірі нарықтық артықшылықтарын пайдаланып, бекітілген ынтымақтастық стратегиялары мен жоспарларын іске асыруды жалғастыру қажет. Сонымен қатар қол қойылған жобаларды жүзеге асырып, транзиттік әлеуетті дамыту керек. Өнеркәсіптік өндірісті нығайту, аймақтағы тұрақтылықты қолдау, қауіпсіздікті нығайту және халықаралық аренадағы ықпалын кеңейтуге үлес қосу қажет.
Ал ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің сапары елімізге деген ерекше сенімнің белгісі екенін айтады сарапшылар. Кеше Си Цзиньпин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен елімізге келді. Бұл – Қытай көшбасшысының елімізге жасаған алтыншы сапары. Осыдан бір жыл бұрын, өткен жылдың шілдесінде ҚХР басшысы Астанаға мемлекеттік сапармен келіп, ШЫҰ саммитіне қатысты. Си Цзиньпиннің осы сапары бүкіл аймақ үшін маңызды саяси оқиғалардың бірі саналатын «Орталық Азия – Қытай» екінші саммитіне орайластырылып отыр. Еліміз тағы да қабылдаушы мемлекет болып, өзінің өңірлік дипломатия мен диалог орталығы мәртебесін растады.
Сонымен қатар 2023 жылы Мемлекет басшысы ҚХР-ға мемлекеттік және ресми сапарлар жасады. Осы жылдың мамырында Қасым-Жомарт Тоқаев Сиань қаласында өткен «ОА-ҚХР» саммитіне қатысып, қазан айында Бейжіңде «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастық жөніндегі жоғары деңгейдегі 3-форумға барды. Сондай-ақ былтыр наурызда Президент Боао Азия форумына (Боао қаласы, Хайнань провинциясы) қатысу үшін ҚХР-ға жұмыс сапарымен барды.
Қытай басшысының өткен жылы «Біз қазақстандық әріптестерімізбен иық тірестіре отырып, бірлескен өркендеу мен ұлттың жаңғыруына, қытай-қазақ достығының жаңа көкжиектеріне жол салуға дайынбыз», деп атап көрсеткені бекер емес. Екі елдің тығыз ынтымақтастығы халықаралық аренада нақты нәтиже беріп жатқаны сөзсіз. Екі елдің жаһандық күн тәртібінің түйінді мәселелері бойынша ұстанымдары бірдей, БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК және басқа да халықаралық платформалар аясында белсенді өзара іс-қимыл жасайды. Әділ және тұрақты әлемдік тәртіпке деген көзқарастарды бірлесіп ілгерілету Қазақстан-Қытай әріптестігін екіжақты ғана емес, сонымен қатар жаһандық маңыздылыққа да ие етеді.
Қазір Орталық Азияға жаһандық қызығушылық артқан сайын еліміз аймақ пен әлемнің жетекші державалары арасындағы негізгі диалог алаңына айналып отыр. Осы құндылықтарды, соның ішінде еліміздің бастамасымен дайындалған және аймақтық ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған стратегиялық бағдарды белгілейтін «Орталық Азия – 2040» тұжырымдамасы арқылы ілгерілетіп келеді.