Елімізде көпірлерді басқарудың бірыңғай жүйесіне пилотсыз ұшу аппараттары, цифрлық көшірмелер мен жедел мониторинг әдістері енгізіліп жатыр. Цифрландыру инфрақұрылым қауіпсіздігін арттырып, оны күтіп ұстауға кететін шығынды азайтады.
Қазақ жол ғылыми-зерттеу институты (ҚазжолҒЗИ) көпірлердің техникалық жай-күйін диагностикалау, бақылау және болжау бойынша мәліметтерді қамтитын Көпірлерді пайдалану және басқару жүйесін – бірыңғай цифрлық платформаны іске асырып жатыр. Жоба аясында Павлодар, Орал мен Астана айналма жолдары сынды күрделі құрылымдарды қоса алғанда, 100-ден астам көпір тексерілді. Бүгінде олардың үш өлшемді цифрлық көшірмесі әзірленіп, ол құрылымдардың жай-күйін қашықтан бақылауға және тәуекелдерге жедел ден қоюға мүмкіндік беріп отыр.
Биыл тағы 60 көпірді тексеріп, оларға цифрлық көшірме жасау жоспарланған.
«Жүйе реактивті қызмет көрсетуден проактивті басқаруға көшуге жол ашады. Біз ел аумағында бірыңғай цифрлық база құрып, тексеру нәтижесін біріктіріп жатырмыз. Бақылаудың автоматтандырылған әдістерін де енгізіп отырмыз. Бұл көпірдің қауіпсіздігі мен күтіміне деген көзқарасты түбегейлі өзгертеді», дейді «ҚазжолҒЗИ» көпір және жол құрылыстары басқармасының басшысы Шалқар Қайсар.
Бүгінде елімізде 3 500-ден астам көпір пайдаланылады. Олардың көбі өңірлік және жергілікті жолдарда орналасқан. Біразы пайдалану мерзімінің шегіне жеткен және тұрақты тексеру мен техникалық бақылауды қажет етеді.