• RUB:
    6.52
  • USD:
    512.44
  • EUR:
    593.15
Басты сайтқа өту
Digital Бүгін, 08:40

«AqylTech», «IT-Aiel» бағдарламаларының тиімділігі жоғары

10 рет
көрсетілді

«AqylTech» және «IT-Aiel» онлайн оқыту бағдарламаларына ресми түрде тіркеу басталды. Аталған бастама – жастар мен әйелдердің қаржылық, цифрлық және жасанды интеллект салаларындағы дағдыларын дамытуға бағытталған. Бағдарламалар Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің, сондай-ақ «Astana Hub» халықаралық технопаркінің қолдауымен жүзеге асырылады.

«Technowomen» КЕҰ басқарма төрағасы Азиза Шөжееваның айтуынша, еліміздегі жастардың 40 па­йызы жеке қаржысын басқара алмайды. Ал 20 пайыздан астамының мерзімі өткен қарыздары бар. Сонымен қа­тар халықтың 40 пайызының цифр­­лық технология­ларды қолдану дағ­ды­лары жеткіліксіз. Сондықтан бағдар­ламаның негізгі мақсаты – жастарды қаржыны сауатты басқаруға, киберқауіпсіздік негіздерін игеруге, цифрлық гигиенаны сақтауға және жасанды интеллект көмегімен табыс табуға үйрету.

«IT-Aiel» бағдарламасы – декрет­тегі, көпбалалы, жұмыссыз отырған, өзін дамытқысы келетін қыз-келін­шектерге арналған. Бағдарлама қаты­­су­шыларды цифрлық құрал­дар­­ды меңгеруге, фриланс пен онлайн-бизнесті бастауға, жасанды интеллектіні отбасы экономика­сында қолдануға және интернет алаяқ­тарынан қорғануға үйретеді.

«Astana Hub» өкілі Валерия Тё жобаның нақты нәтижелерге бағыт­талғанын атап өтті. Оның айтуын­ша, 2023 жылы бағдарламаның алғаш­қы легіне 2634 әйел қатысса, 2024 жылы екінші лекке 5200-ден астам өтініш келіп, 3084 қатысушы оқуын бастаған. Бағдарлама «No Code», «E-commerce», «AI»-дизайн, фриланс, видеомонтаж сияқты салаларды қамтиды. Барлығы қазақ және орыс тілдерінде, онлайн форматта, менторлық қолдаумен өткізіледі.

Бағдарлама серіктестерінің бірі «YASSA Education» компа­ниясының негізін қалаушы Кристина Вебер «IT-Aiel» оқуы аясында меңгерілетін кәсіптер туралы нақты түсіндіріп өтті. «Бағ­дарлама қазіргі нарықта жоға­ры сұранысқа ие, техникалық база талап етпейтін және тез моне­тизациялауға болатын мамандық­тар. Олардың ішінде чат-бот жасаушы, «AI»-графикалық дизайнер, видеомонтаждаушы, автоматтандыру бойынша ассис­тент, промт-инженер, бағдарламалық қамтамасыз ету тестері секілді кәсіптер бар. Әр модуль – тәжірибе­лік бағытта, нақты табысқа жеткізетін құралдармен құрылымдалған», дейді ол.

Бағдарламаның қаржылық сауат­ты­лық блогін жүргізіп отырған ментор әрі кәсіпкер Алуа Көрпебаева қаржылық білімнің маңызын ерекше атап өтті. «Бүгінде жастар бизнес бастауға ниетті болғанымен, кіріс пен шығысты есептеу, салық жүйесін түсіну, тиімді қаржылық модель жасау сияқты негізгі дағды­лар­ды меңгермеген. Біздің курс қатысушыларға сандардан қорықпай, оны басқаруға үйретеді», дейді ол.

Бағдарлама түлектерінің бірі Әлия Оразымбетова «IT-Aiel» жобасына қатысу оның өмірін жаңа бағытқа бұрғанын айтады. «Бұл жоба мені жаңа салаға жетелеп қана қоймай, «CyberBala» атты балаларға арналған цифрлық гигиена клубын құруыма себеп болды. Осы арқылы қоғам алдындағы жауапкершілігімді сезіндім»,  дейді ол. Әлияның сөзінше, «IT» саласында әйел адамдардың көбеюі  заман талабы.

«AqylTech», «IT-Aiel» бағдарлама­ларының тағы бір ерек­шелігі – бар­лық өңірді қамтуы. Оқу еліміздің 17 об­лысы мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларында қол­жетімді. Бағдарлама толықтай тегін, онлайн форматта жүр­гізіледі. Мақсат – 10 000-нан астам адамды оқытып, 100-ден астам білікті тренерді даярлау.

Бағдарламаны ұйым­дастыру­шы­лар­дың ай­туынша, жасанды интеллектінің 2030 жылға қарай әлемдік эко­но­микаға қосатын үлесі 15,7 трлн долларды құрауы мүмкін. Сондықтан елімізде ЖИ-ді дамыту тұжырымдамасы жасалып, қазақ тіліндегі үлгілерін дамы­ту, отандық стартаптар­ды қолдау бағы­тында нақты жұмыс жүріп жатыр. Жасанды интеллект енді тек технология емес, отбасылық экономикаға нақты пайда әкелетін құралға айналуға тиіс.

Аталған бағдарламалар жай оқыту курстары емес, цифрлық дәуірге бейім­делудің, заманмен үндесудің, жаңа табыс көзін табудың нақты жолына айналып отыр.