Солтүстік Қазақстан облысының бірнеше тұрғыны ай басталғаннан бергі бір аптаның ішінде ғана алаяқтардың арбауына түсіп, 13 млн теңге ақшаларынан айрылған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Соның ішінде Петропавлдың 25 жастағы тұрғынына алаяқтар WhatsApp арқылы хабарласып, өздерін «Қазпошта» қызметкеріміз деп таныстырып, сәлемдеме жеткізілуін растау үшін келген SMS-кодты айтуын сұраған. Осы кодты алған соң «банк қызметкеріміз» деп, оның атына несие ресімделіп жатқанын айтып шошытып, бірнеше банктің қосымшаларын жүктеуге және онлайн несие ресімдеуге көндірген.
Нәтижесінде алаяқтардың шотына жігіттің 2,4 млн теңгесі аударылған. Ал Айыртау ауданының 69 жастағы тұрғынынан өздері жіберген кодты қайталатқан соң «вирусқа қарсы бағдарлама» деген қосымшаны жүктетіп, есепшотындағы 4,2 млн теңгесін қағып кеткен.
Ал Петропавлдың 37 жастағы тұрғыны тіпті сорлап қалған. Алаяқтар оның 6,5 млн теңгесін қақшып кеткен. Полиция жұрттың бәріне жіберілген SMS-кодты қайталап жібермеңіздер деп қатты ескертуде.
ПЕТРОПАВЛ