Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада Тұран даңғылының бойында екі ер адамның жолдың жүргін бөлігінде сөзге келіп, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзып, өзге жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне нұқсан келтіргені байқалған, деп жазады Egemen.kz.
Астана қаласының Полиция департаменті аталған дерек бойынша тексеру жүргізіп, құқық бұзушыларды анықтады. Қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттың шешімімен олар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы («Ұсақ бұзақылық») бойынша кінәлі деп танылып, 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Полиция департаменті азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, бір-біріне құрметпен қарауға шақырады. Құқық қорғау органдары қоғамдық тәртіпті бұзуға бағытталған кез келген әрекетті заң аясында қатаң тоқтататынын ескертеді.