Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында ғылымға қатысты ерекше бастама көтергені есімізде. Онда Президент: «Шын мәнінде, ғылым қалашығы керек. Оларды Алматыда, Курчатовта салу ақылға қонады. Бірақ Үкімет те, ғалымдар мен салалық министрлік те нәтиже шығару қажет екенін түсінгені жөн», деген еді. Жуырда Абай облысына келген Ұлттық ғылым академиясының көшпелі отырысында да бұл мәселе қайта көтерілді, деп жазады Egemen.kz.
Семейде өткен Қазақстан Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы президиумының «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» тақырыбындағы көшпелі отырысына облыс әкімі Берік Уәли, ҰҒА президенті Ақылбек Күрішбаев, Қазақстан атом энергия агенттігі төрағасының орынбасары Тимур Жантикин, Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Ғалымжан Жанқуатов, ҰҒА академиктері, ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарының өкілдері, сондай-ақ түрлі салалардағы жетекші отандық және шетелдік сарапшылар қатысты.
Жиынды ашқан Академия президенті Ақылбек Күрішбаев бұған дейін мұндай ғылыми жиын еліміздің жеті өңірінде өткізілгенін, онда аграрлық, медициналық, мұнай-химия ғылымының проблемаларына назар аударылып, өңірлік ғылымды дамыту мәселелері кеңінен талқыланғанын айтты.
– Абай облысы – даму әлеуеті зор, еліміздегі маңызды экономикалық өңірлердің бірі. Облыста дәстүрлі агроөнеркәсіп кешені мен туризмнен басқа, ядролық энергетиканы дамытуға мол мүмкіндік бар. Курчатов қаласындағы бұрынғы Семей ядролық полигоны аумағында орналасқан, Кеңес Одағында құрылған, әлемге әйгілі Ядролық зерттеулер жөніндегі бірегей ғылыми-эксперименттік инфрақұрылым – бүгінгі таңда аса құнды ғылыми база. Бірқатар көрсеткіш бойынша ондағы зертханалардың әлемде баламасы жоқ. Бұл ғылыми әлеуетті толық пайдаланған жағдайда, Абай облысы ядролық энергетика саласындағы ғылыми өнімдерді әлемдік нарыққа шығаратын жетекші өңірлердің біріне айналуы әбден мүмкін. Сондықтан бұл бірегей ғылыми базаға орталық және жергілікті мемлекеттік органдар тарапынан қолдау қажет. Сонымен қатар, Ертіс өзенінің суын пайдалана отырып, аймақта суармалы егіншілікті кеңейтуге болады, – деді А.Күрішбаев.
Бұған қоса өңірде мал шаруашылығын дамыту, табиғи жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану, жем-шөп базасын құру, малды асыл тұқымдандыру бағытында үлкен перспективалар бар. Мәселен, Кеңес заманында Семейде елдегі ең ірі ет комбинаты жұмыс істегені белгілі. Бұл мүмкіндікті қайта жандандыру қажет. Сондай-ақ «Семей Орманы» мемлекеттік табиғи резерватының әлеуетін пайдалана отырып, экологиялық туризмді дамытуға болады.
Абай облысының әкімі Берік Уәли көшпелі отырыстың өңірде өтуі – жергілікті ғылымның дамуына тың серпін беретініне сенімді екенін айтты.
– «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» тұжырымы – Президент айқындаған тарихи жауапкершілікті сезініп, болашаққа нық бағдар беретін кемел көзқарастың көрінісі. Абай облысындағы ғылым туралы айтқанда, ең алдымен еліміздің ғылым саласындағы ерекше орны бар, тарихи маңызы зор Курчатов қаласы ойға оралады. Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында Мемлекет басшысы Курчатовтың ғылыми дәстүрі мен тәжірибесі мұнда ғылым қалашығын салуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Қазіргі таңда бұл бағытта тиісті жұмыстар басталып кетті. Мұндағы Ұлттық ядролық орталық пен Ядролық технологиялар паркі – ядролық медицина орталығымен бірлесе отырып, әлемдік жобаларды әзірлеуге арналған таптырмас алаң, – деді аймақ басшысы.
Отырыста Мемлекеттік сыйлықтың иегері, биология ғылымдарының докторы Аманкелді Саданов, профессор Бақдәулет Кенжалиев, Фараби Ермеков сынды ғалымдар сөз сөйлеп, облыстың ауыл шаруашылығы, өндіріс, экология салаларында қолдануға болатын жобаларын таныстырды.
– Ауыл шаруашылығына арналған отандық биопрепараттар біздің өңіріміз үшін өте қажет. Оның үстіне, Семейдің іргесінде инвесторлар есебінен ірі ет комбинатының құрылысы басталды. Облыста мал басы көп. Бір ғана Саржал ауылында 22 мың бас жылқы бар. Бүгін ұсынылған өнімдерді ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтарға жеткіземіз. Бақдәулет Кенжалиевтің кен орындарына қатысты айтқан ұсыныстары мен Фараби Ермековтің ауқымды деректерді өңдеу орталығын құру туралы бастамасы – назар аударарлық. Бұл бағытта бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз, – деді облыс әкімі.
Аймақтың экономикалық дамуы – ғылыми негізделген шешімдермен тікелей байланысты. Бұл – әлемдік тәжірибемен дәлелденген қағида. Сондықтан Мемлекет басшысы өңірлік ғылыми кеңестер құруды, олардың нақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуді жергілікті биліктің негізгі міндеттерінің біріне айналдырды.
Сондай-ақ жиында қатысушылар «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң аясында өңірлік өндірістердің технологиялық проблемаларын шешу жолдарын қарастырды. Көшпелі отырыс аясында ғылыми-инновациялық көрме ұйымдастырылып, Абай облысындағы ғылымның басым бағыттарын айқындауға арналған форсайт-сессия өтті.
Расында, бұл жиын өңірдегі ғылым мен технологияның даму жолдарын нақтылауға, ғылыми зерттеулер мен өндіріс арасындағы байланысты күшейтуге, өңірлік ғылымның әлеуетін арттыруға арналған маңызды алаңға айналды. Академия президиумының бұл отырысы нәтижесінде атом энергетикасын дамыту және ғылыми сүйемелдеу бойынша аналитикалық жазба әзірленіп, өңірлік ғылымды дамыту жөніндегі бірлескен жұмыс жоспары бекітілді.
Абай облысы