• RUB:
    6.52
  • USD:
    512.44
  • EUR:
    593.15
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 15:10

FOMO синдромы немесе «Үлгермей қалам» деген үрей

30 рет
көрсетілді

Цифрлы технологиялар дамыған сайын адамның санасына түсетін ақпарат көлемі де еселеп артып келеді. Әлеуметтік желілер әрдайым сәттілік, жетістік пен жарқын өмір сәттерін ұсынып, көпшілікті көзге көрінбейтін бәсекеге итермелеп отыр. Соның салдарынан кей жастар «бәрінен қалып қойдым» деген үреймен өмір сүріп, өз мүмкіндігін жіберіп алдым ба деген алаңдаушылыққа бой алдырады. Психологтар бұл жағдайды FOMO синдромы деп атайды, деп жазады Egemen.kz.

Ағылшын тіліндегі FOMO (Fear of Missing Out) термині – «бір нәрседен қалып қойып жатырмын» деген қорқыныш немесе мазасыздық. Бұл қазіргі қоғамда жиі кездесетін психологиялық құбылыс. Сарапшылардың айтуынша, FOMO синдромы жастар арасында өзін-өзі бағалауға, эмоциялық тұрақтылыққа, тіпті күнделікті өмір сапасына дейін әсер етуі мүмкін.

Цифрлы дәуірде бұл синдром әсіресе жастар арасында жиі байқалады. Өйткені әлеуметтік желілер олардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналып үлгерген. Инстаграм мен TikTok-тағы әр пост, әр сторис өзінше бір «жетістік витринасы» іспетті. Бірі жаңа жұмысқа тұрғанын, енді бірі шетелде демалып жүргенін жария етсе, үшіншісі жеке кәсібін немесе отбасылық өмірін мақтанышпен көрсетеді. Осының бәрі әлеуметтік салыстыруды күшейтеді екен. Жастар шынайы өмір мен желідегі өмірдің айырмашылығын біле тұра, «мен неге үлгермей жатырмын?» деген ойдан арыла алмайды.Мамандар FOMO-ны «ішкі мазасыздықтың сыртқы қоздырғышы» деп сипаттайды. Бұл адамның өзінің өмір жолына сенбеуі, бағытына күмәнмен қарауы, өзін басқалармен жиі салыстыруы. Психологтардың айтуынша, бұл синдром өзін-өзі бағалаудың төмендеуіне, үнемі асығыстықпен шешім қабылдауға, шынайы тынығу мен тыныштықтан алшақтауға, және жалпы өмірге қанағатсыздыққа алып келеді. Сарапшылардың пайымдауынша, FOMO ұзақ мерзімді күйзеліске, үнемі өзге біреудің өміріне қарап өмір сүруге үйретеді. Ал бұл өз болашағы үшін жауапкершілік алуға кедергі келтіруі мүмкін.Бүгінде дәл осындай синдромның кері әсерінен қоғамда бейресми межелер қалыптасқан. Атап айтсақ, 25-ке дейін білім алып, 30-ға дейін мансап құру, отбасы құру және баспана иесі болу міндет сынды көрінеді. Ал әлеуметтік желідегі мазмұндар дәл осы межелердің бар екенін күн сайын еске салып отырады. Осылайша адамдар нақты бір жетістікке жетуге емес, сол жетістікке дер кезінде жетіп үлгеруге тырысады. Бұл асығыстық мазасыздық тудырып, адамды шынайы өмірден алшақтатады екен. Мамандар соның салдарынан адам тек салыстыру мен өзін дәлелдеуге негізделген күнделікті күйбек тіршілік жасайтынын айтады.

Мәселен, Ұлыбританияда, 2020 жылы, 19 жастағы Молли Рассел есімді қыз өз бөлмесінде жантәсілім еткен күйінде табылған. Тергеу нәтижесі оның ұзақ уақыт бойы Instagram және Pinterest сияқты әлеуметтік желілерде өз-өзіне қол жұмсау, депрессия және «сәтсіз өмір» туралы контенттерді үнемі қарап жүргенін көрсеткен.

Молли өз қатарластарының жетістіктері мен бақытты сәттерін көріп отырып, өз өмірінің мәні жоқ деп қабылдай бастаған. Әлеуметтік желідегі үздіксіз салыстыру, виртуалды «керемет» өмірлердің арасында өзін қажетсіз сезіну, уақыт өте келе оның психикасын бұзған. Бұл сарапшылардың айтуынша, FOMO-ның ең шеткі әрі қауіпті салдары.

Психологтар FOMO синдромының алдын алу үшін ең алдымен цифрлы детокс ұғымын ұсынады. Яғни әлеуметтік желіден уақытша үзіліс алып, назарды шынайы қарым-қатынасқа, күнделікті өмірдің қарапайым қуаныштарына аудару қажет. Сонымен қатар:

Ақпаратты сүзгіден өткізу; Мотивациялық емес, шынайы контентті тұтыну; Өзін өзгемен емес, өзімен салыстыру дағдысын қалыптастыру; Қажет жағдайда психологиялық көмекке жүгінуді ұсынады.

Жылдамдық пен көрнекілікке негізделген цифрлы әлем адамның санасы мен сезіміне бұрын-соңды болмаған деңгейде әсер етіп отыр. Сарапшылар бұл құбылыспен күресу үшін ақпараттық гигиена мен саналы контент тұтыну мәдениетін қалыптастыру қажет екенін айтады. Алайда әлеуметтік желідегі «мінсіз өмір» образы үздіксіз ұсыныла берсе, адам санасында бұл қалыпты стандартқа айналмай ма?