Маусым айының соңына дейін ҚР орталық мемлекеттік органдарының қызметкерлері citizensec.kz порталында арнайы онлайн-оқудан өтіп, цифрлық қауіпсіздік деңгейін арттырады, деп жазады Egemen.kz.
Бұл білім беру бастамасы кибергигиена мәдениетін нығайтуға және ірі деректермен жұмыс істеу барысында адами факторға байланысты қауіп-қатерлерді азайтуға бағытталған.
Бағдарлама шамамен 7 сағаттық бейнесабақтарды қамтиды. Онда жеке деректерді қорғау, фишингтік шабуылдарды тану, цифрлық этика, сенімді құпиясөздермен жұмыс істеу және басқа да маңызды тақырыптар қарастырылған. Курстар жеке өтуге ыңғайлы форматта ұсынылған, ал материалдар сала мамандарымен қатар мемлекеттік органдардың басшыларына да бейімделген. Оларға ұйымдарда ақпараттық қауіпсіздік жүйесін құру бойынша арнайы әдістемелік ұсынымдар әзірленген.
«Мемлекеттік қызметшілердің цифрлық сауаттылығы — бұл тек қауіпсіздік негіздерін білу ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік IT-инфрақұрылымның сенімділігінің іргетасы. Біз цифрлық ортада саналы әрекет ету мәдениетін қалыптастыруға ұмтыламыз», — деді ақпараттық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органның өкілі.
Оқу мыңдаған қызметкерлерді қамтиды, олардың қатарында аса маңызды мемлекеттік ақпараттық жүйелермен және азаматтардың жеке деректерімен жұмыс істейтін мамандар да бар. Бұл бастама киберқауіптерге қарсы тұрақты алдын алу жұмыстары аясында іске асырылуда. Оның аясында онлайн-курстармен қатар офлайн-семинарлар, тренингтер және ақпараттық-түсіндіру шаралары өтеді.
Халықаралық зерттеулер деректеріне сәйкес, киберкеңістіктегі оқиғалардың 80%-ға жуығы адами қателіктерден туындайтыны анықталған. Пайдаланушылардың хабардар болу деңгейін арттыру — цифрлық жүйелерді қорғаудың ең тиімді тәсілдерінің бірі.
Citizensec.kz платформасы қазақстандық және халықаралық сарапшылардың қатысуымен әзірленген және ақпараттық қауіпсіздік мамандарын даярлау бойынша заманауи әдістемелерге сай келеді.
Киберсауаттылықты арттыру — қауіпсіз цифрлық ортаны қалыптастыруға бағытталған ұзақ мерзімді стратегияның бір бөлігі. Пайдаланушылардың саналы әрекет деңгейі неғұрлым жоғары болса, мемлекеттік цифрлық сервистер соғұрлым сенімді және тұрақты жұмыс істейді. Ал бұл сервистерге күн сайын миллиондаған қазақстандық тәуелді екенін атап өткен жөн.