• RUB:
    6.44
  • USD:
    511.92
  • EUR:
    588.91
Басты сайтқа өту
Қазақстан Кеше

Алаң да алаң, алаң жұрт...

50 рет
көрсетілді

Бүгінде алпауыт мемлекеттердің текетіресінен дүниенің түкпір-түкпіріндегі қарапайым халық зардап шегіп келеді. Қаруға жүгінген, халықты қырғынға ұшыратқан елдің саясатын ақтау ақымақтық болар еді. Сол сияқты жаһан жұртына бір дүрбімен қарау да – асылық. Осы орайда америкалық атақты дипломат Генри Киссинджердің айтқаны еске түседі: «Әлемдегі әр алуан мемлекеттің ішкі саясатын америкалық сыртқы саясаттың тікелей объектісіне айналдыру қауіпті болмақ». Саңлақ саясаткердің айтқанына бірдеңе қосу артық шығар.

Өркениет көші ілгері жылжып, ақылды жандар алуан түрлі технологияны ойлап тапқанымен, кейбір елдер байырғы астамсу пейілінен арылар емес. Алпауыттар әлі де төрткүл әлемге билігін жүргізіп, басқаларды жалғыз өзінің қас-қабағын бағып, тірлік кешсе дейді. Мұндай пиғыл белең алған тұста әділеттілік атаулы әдіре қалмай ма? Ортақ мәмілеге келе алмайтын державалардың кесірінен жаһанды соғыс өрті шарпып жатқан жайы бар. Алаң да алаң, алаң жұрт дегендей, адамзат біткен қазіргі геосаяси ахуалға қатты алаңдап отыр. Қазақ елінің бейбітшілік деген ұстанымды жиі-жиі тілге тиек ететіні де сол.

«Мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы енді «өлетін» болса, «тірілуіне» ешқандай кепілдік жоқ. Яғни басқаға бодан болғанның, кіріптарлықтың қандай екенін басынан өткізді ғой. Екі жүз жылдық бодандық түгілі, кешегі кеңес өкіметі кезіндегі «тең дәрежедегі одақтастық» қазақты ұлт ретінде жұтылып кетуге әкелді емес пе? Ендігі жерде Президент айтқандай, «Қазақ халқы тәуелсіз және егемен ел болу жолында сан түрлі қиындықты артқа тастап, көптеген сын-қатерді еңсерді. Сондықтан тәуелсіздік бәрінен қымбат қастерлі ұғым екенін санаға сіңіруіміз қажет. Жалпыұлттық бірлі­гімізді көздің қарашығындай сақтап, мемлекеттігімізді нығайту маңызды».

Еліміз көпвекторлы саясат жүргі­зуге мүдделі. Астанаға Батыс пен Шы­ғыстан мәртебелі меймандардың соңғы кездері жиі ат шалдырып жататыны да сондықтан. Төрткүл дүние­дегі тоғызыншы территорияның қауіп­сіздігіне бейбітшіл ұстанымы ғана қалқан бола алады. Мемлекет басшысының дипломатия саласындағы алғырлығы қысылтаяң сәттен жол табуына сеп болып отыр. Ұрымтал тұста ашық пікірін білдіріп, кей жерде емеурінмен жеткізіп, ұлтының мүддесін әрқашан алдыңғы қатарға қояды. «Қазіргі құбылмалы заманда Қазақстан үшін ең басты мақсат – ұлт мүддесін қорғау. Сыртқы саясатымыз осы мақсатты қамтамасыз ету үшін жүргізіліп жатыр» дейтіні де сол Қазақ елі Президентінің.

Қазіргі кезде жаттың дәулетін жамбасқа басуды көксейтіндер шоғыры аз емес. Байлығы мол жұртты өзіне икемдеп, басыбайлы ету алпауыттардың түпкі мақсаты болмақ. Ірі державалар арасында талас-тартыстың туындайтыны да содан. Алыптар арасындағы ара салмақты ақылмен бағалап, парасат-пайыммен ұлтыңның ұпайын түгендей білу де табандылықты талап етеді. Ал Қазақстан сияқты мемлекетке төрт құбыласын тең ұстамаса болмайтыны тағы бар. Сыртқы саясатта көпвекторлы бағытқа иек артатынымыз да сол.

Әлемдік аренада ықпалы күшті мемлекеттермен стратегиялық байланыс орнықтыру, өзара ынтымақтастықты нығайту да белгілі бір деңгейде елдің қауіпсіздігін нығайта түсетіні сөзсіз. Бүгінде күш-қуаты жағынан жаһанға өзін мойындатып, айдарынан жел есіп тұрған Қытай сияқты алып державамен серіктестік қазақ жұртына тізесін батырғысы келетіндердің мысын басып отыр. Оның үстіне Қытай басшысы Си Цзиньпиннің: «Халықаралық конъюктура қаншалықты өзгерсе де, біз Қазақстан тәуелсіздігін, егемендігін және аумақтық тұтастығын табанды түрде қолдаймыз» деп айтқаны пиғылы бұзық тарапқа берілген нақты жауап болмақ. Яғни Қазақ елінің қауіпсіз­дігіне қатер төнген жағдайда қолұшын созатын сенімді серіктестер бар деген сөз.

Қазіргі кезде төрткүл дүниеге әділеттілік туралы әңгіме қозғап, төре­лігін айтып, ақиқат таразысына тартатын Біріккен Ұлттар Ұйымының да берекесі қашып, беделі төмендеп кетті. Іргелі ұйымның қабылдаған шешімін құлағына ілмейтін мемлекеттер қатары көбейіп, жаһанның түкпір-түкпірінде соғыс ошақтары өрши түсті. Құзырына 193 елді қамтитын іргелі ұйым осылайша шарасыздық танытып келеді. Басқалай айтқанда, жеке мүддесін ойлаған кей мемлекеттер БҰҰ-ның Жарғысына бас имей, қалған елдердің мүддесін аяқасты етіп отыр. Осы орайда кезінде БҰҰ Бас хатшысының орынбасары қызметін атқарған Қасым-Жомарт Тоқаев іргелі ұйымды реформалауға қатысты батыл ұсынысын айтып та жүр.

«80 жыл бұрын жасалған институционалды құрылым мен қазіргі заман арасында алшақтық көп. Бұл Ұйымға және оның тиімділігіне деген сенімге селкеу түсіреді. Миллиардтаған адамның тағдырына әсер ететін аса маңызды шешімді бірнеше елдің қабылдағаны дұрыс емес. Сондықтан Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын кеңейтіп, оған әлемнің әр өңірінен өкіл қосу туралы ұстанымды қолдайды.

БҰҰ өзектілігін жоғалтпай, қазіргі заманның талаптарына сай болуы үшін Қауіпсіздік Кеңесіне құрылымдық реформа жасалуға тиіс.

Алпауыт елдер бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға бейіл екенін анық білдіруі керек. Әрі барлық мемлекеттің территориялық тұтастығын қорғау туралы ең басты қағидаттан айнымауға тиіс», деген болатын Президент Астана халықаралық форумының пленарлық сессиясында сөйлеген сөзінде.

Мемлекет басшысы БҰҰ-ны реформалау жайын кәсіби дипломат ретінде іргесі кетіле бастаған ұйымның ахуалын білгеннен соң айтады. Ақиқатында, «миллиардтаған адамның тағдырына әсер ететін аса маңызды ше­шімді бірнеше елдің қабылдағаны дұ­рыс емес». Яғни үркердей топтың жүз­деген мемлекеттің тағдырына байланыс­ты шешім қабылдауын қолдауға болмай­ды. Бұл, біріншіден. Екіншіден, «Қазақ­стан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын кеңейтіп, оған әлемнің әр өңірінен өкіл қосу туралы ұстанымды қолдайды». Іргелі ұйым аясында әділетті шешім қабыл­дауға ықпал ететін бірден-бір ұсыныс. Қазақ елінің ұсынысы. Үшіншіден, «Алпауыт елдер бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға бейіл екенін анық білдіруі керек. Әрі барлық мемлекеттің территориялық тұтастығын қорғау туралы ең басты қағидаттан айнымауға тиіс». Бар мәселе қайбір алпауыт елдердің жаһанға мәлім барлық мемлекеттің территориялық тұтастығын қорғау қағидатын аяқасты етуінен туындап отыр емес пе? Ендеше, ресми Астананың ұстанымы күллі әлемді мазалап отырған сауалдың да шешімі болмақ. Аталған ұсынысты бейбітшілікті мұрат тұтқан әлем жұртшылығы қолдайтыны анық.

Халықаралық саясат туралы әңгіме қозғағаннан кейін осы тақы­рыптағы әдебиеттерге үңілетініміз белгілі. Жазылған еңбек авторы­ның қолтаңбасына қарап-ақ арғы пиғы­лын пайымдау қиынға соқпайды. Ресейлік Николай Стариков дегеннің «Геополитика. Как это делается» деген «бестселлерін» парақтадық. Сөйтсек, бұл публицистің пайымдауынша, әлемдік саясаттың, яғни геоясаттың басты және жалғыз маңызы – ресурс үшін және соған бақылау жүргізу үшін күрес көрінеді. Яғни көл-көсір байлыққа бақылау жасау. Аталған кітабында автор Ресейдің әлемдік саясаттағы ықпалы туралы әңгімелейді. Мәскеудің ертеден келе жатқан қазына үшін күресі жалғаса беретінін айтады. «Біз қуат-күшімізді, ықпалымызды қалпына келтіріп, жаңадан одақтастардың басын қосуымыз қажет. Жаңадан Кедендік және Еуразиялық одақ аясында біртұтас қуатты елді құруымыз керек», дейді. Әлқисса, геосаясат төңірегінде шабытын шалқытып, еңбек жазып жүрген Стариковтың аңсаған арманы асқақ көрінеді. Бұрынғы кеңестік кеңістікте тарих қойнауына кеткен билігін қайта орнатып, «қуатты ел» құрудан әлі де үмітті екен...

Осындайда «Өз-өзіңе берік бол, көршіңді ұры тұтпа» деген халық даналығы еске түседі. Классик жазушы Ғабит Мүсірепов айтқандай, «Заманауи нышан: кім бағынышты болса – сол кінәлі». Сол себепті қайраттану керек ұлтымызға, жұртымызға, Қазақ мемлекетіне. Олай болса, «Тәуелсіздік алғанымыз кеше ғана...» деген сөзді айналымнан шығарып, ешқандай анықтауышсыз Қазақ мемлекеті, Қазақ елі, Қазақстан деп ауыз толтырып айтудың өзі айбынымызды асқақтатып, рухымызды биіктете түсер еді.

«Өз тізгініне өзі ие бола алмайтын, өз қасиетін өзі бағалап, өз мінін өзі түзей алмайтын, өз мұңын өзі мұңдап, өз жоғын өзі жоқтай алмайтын халық пен қауымның бүгінгі дүниеде бітірері шамалы» (Ә.Кекілбайұлы). Біздің қоғамдағы қазіргі ахуалды осы тұжырым қалыбына салып қарастырсақ, бойымызды күмән-күдік билейді. Кекілбайұлы айтқан талап деңгейіне қаншалықты жауап бере аламыз? Көзқарастар қайшылығы болса, оның жауабы алқалы жиында табылар. Ал жеке билік үшін талас, заңды сайланған билікті мойындамау– осының барлығы жинақтала келгенде тәуелсіздікті тәрк ету немесе оған қауіп төндіру болып шықпай ма?

Сыртқы ықпалға төтеп беру үшін, әрине, ішкі ынтымақ маңызды. Талай елдің соры – бітімге келмеген бірлігі, қожыраған тірлігі. Төрткүл дүниеде болып жатқан бүліншілік – осының дәлелі. Сондықтан Мемлекет басшысы айтқандай: «Басты міндет – Қазақстан халқының татулығы мен ауызбірші­лігін, мемлекетіміздің тұтастығы мен киелі Тәуелсіздігімізді нығайту. Алдағы уақытта да солай болып қала бермек». Әсіресе қазіргідей алмағайып заманда билік пен халықтың бірлігі мен үйлесімі ғана сенімді орнықтырады. Осылай ғана алаңдаған жұрттың көкі­регіне тыныштық ұялайды.

Соңғы жаңалықтар