Антарктидада тіршілік ететін император пингвиндері жаһандық жылынудың салдарынан жойылып кетудің алдында тұр. Соңғы 15 жылда олардың саны 22 пайызға азайғаны анықталды. Ғалымдар бұл түрге төнген қауіп бұрын болжағаннан әлдеқайда күрделі екенін ескертеді, деп жазады Egemen.kz.
Зерттеушілер Уэдделл мен Беллингсгаузен теңіздерінің жағалауындағы он алты ірі пингвин колониясының спутниктік суреттерін зерттеді. Бұл колониялар әлемдегі император пингвиндерінің үштен бір бөлігін құрайды. Есептеулерге сәйкес, қазіргі таңда шамамен 250 мың жұп пингвин ғана қалған.
Император пингвиндері теңіз мұзында көбейеді. Алайда жаһандық жылыну салдарынан мұз қабатының тұрақсыз болуы олардың көбеюіне кері әсер етуде. Бірнеше колонияда жаппай балапан өлімі тіркелген – мұз ерте жарылып, балапандар су өткізбейтін қауырсындарын дамытпай жатып суға батып кеткен.
BAS зерттеушісі Питер Фретвеллдің айтуынша, бұрынғы болжамдар нақты қауіптің ауқымын жете көрсете алмаған. Енді ғалымдар радиолокациялық және жылу камералары арқылы тіпті адам бара алмайтын аумақтардағы колонияларды да бақылауға алуды көздеп отыр.
Ғалымдардың компьютерлік моделіне сүйенсек, егер жаһандық жылыну қазіргі қарқынымен жалғаса берсе, 2100 жылға қарай император пингвиндері мүлдем жойылып кетуі мүмкін. Кей сарапшылар олардың оңтүстікке қарай көшетінін болжап отыр, бірақ жаңа ортаға бейімделе алатыны белгісіз.
Император пингвиндері қазіргі климаттық дағдарыс кезінде табиғаттың осалдығының айқын белгісіне айналды. Оларға басты қауіп – экожүйенің жылынуы. Ғалымдар әлі де жағдайды өзгертуге мүмкіндік бар дейді. Ол үшін:
Парниктік газдар шығарындыларын азайту, Тұрақты энергетикаға көшу, Халықаралық ынтымақтастықты күшейту қажет.Тек осындай кең ауқымды шаралар ғана бұл түрдің жойылып кетуінің алдын ала алады.
Жанель ТӨЛЕУБЕКОВА, ЕҰУ студенті