Жыл басталғалы 613,7 мың көпбалалы отбасыға 221 млрд теңге, 242,2 мың наградталған анаға 32,4 млрд теңге мемлекеттік жәрдемақы берілген, деп жазады Egemen.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше 2025 жылдың мамыр айында аталған жәрдемақылармен барлығы 865,3 мың отбасы жалпы сомасы 51,5 млрд теңге мөлшерінде, оның ішінде: көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақымен 622,3 мың отбасы 45 млрд теңгеге; наградталған анаға берілетін жәрдемақымен 243 мың адамға 6,5 млрд теңге мөлшерінде қамтылған.
Мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады.
Төлем мөлшері бала санына қарай есептеліп төленеді және 2025 жылы:
- 4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 63 030 теңге;
- 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 78 798 теңге;
- 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 94 565 теңге;
- 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 110 332 теңге;
- 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе 15 728 теңге мөлшерінде төленді.
Наградталған анаға берілетін жәрдемақының ай сайынғы мөлшері мынадай:
«Күміс алқа» алқасымен наградталған аналарға – 6,40 АЕК немесе 25 165 теңге;
«Алтын алқа» алқасымен наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналарға – 7,40 АЕК немесе 29 097 теңге.
Айта кеткен жөн, биыл 1 қаңтардан бастап балалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 6,5%-ға артқан.