Биыл Солтүстік Қазақстан облысында 1–10 сынып оқушыларының 95 пайызы, нақтырақ айтқанда 64 770 баланың жазғы демалысын өткізуге айрықша назар аударылды. Сондай-ақ оларды жұмыспен қамту жоспарланған. Бүгінгі таңда облыс аумағында оқушыларға арналған 9 демалыс лагері бар. Ал Тайынша ауданындағы «Эдельвейс-Бурабай» жеткіншектер лагері Ақмола ауданының аумағында орналасқан.
Биыл лагерьлерге ағымдық жөндеу мен әрлеу жұмыстарын жүргізуге 393 млн теңге бөлінген. Соның ішінде 368 млн теңге 5 лагерьді жөндеу мен жабдықтауға бөлінді. Дәлірек айтқанда, Аққайың ауданындағы «Оқжетпес» лагеріне – 4 млн, М.Жұмабаев ауданындағы «Березка» лагеріне – 81,2 млн, Жамбыл ауданындағы «Лесная поляна лагеріне – 86,8 млн, Ғ.Мүсірепов ауданындағы «Аққайың» лагеріне – 3 млн теңге бөлінді. Ең үлкен қаражат – 192,8 млн теңге – Есіл ауданындағы «Родник» балалар лагеріне бөлінді.
Бұдан басқа, 5 балалар лагерін сенімді басқарушылар алған. Олар өздері белгілеген ақылы негізде жеткіншектерге қызмет көрсетеді. Бұлардың демалыс жағдайы, көңіл көтеру бағдарламалары, тамақтануы бюджеттен қаржыландыратындарға қарағанда жоғары екенін айта кету керек. Бұл лагерьлерге де биыл жөндеу жұмыстарына 25 млн теңге бөлінген. Соның 15 млн теңгесі Тайынша ауданындағы «Эдельвейс-Бурабай» лагеріне аударылған. Ал Петропавл қаласының аумағында орналасқан «Достық» және «Аққайың» лагерьлерін жөндеуге 10 млн теңгеден қаржы бөлінген.
Осы 6 маусымда өңірдегі демалыс және сауықтыру лагерьлері ашылды. Жұмысын бастаған лагерьлердің бәрі СЭС қорытындысын алған. Қазір 6 200 (10%) оқушы қала сыртындағы лагерьлерде демалып жатыр.
Сонымен бірге 2 маусымнан бастап мектеп жанындағы 58 570 оқушыны қамтыған демалыс лагері ұйымдастырылды. Онда балалар тамақтанатын 424 алаң жұмыс істейді.
Облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанованың айтуынша, жазғы кезеңде оқушылар 4 бағыт бойынша жұмыспен қамтылады. Оның ішінде 8 414 оқушы еңбекпен қамтылып, көгалдандыру және абаттандыру бригадалары қатарында жұмыс істемек. Ал 15 965 бала спорттық-туризм, өлке өңірлеріне саяхат, басқа да экскурсиялар, археологиялық экспедицияларға тартылады. Сонымен қатар 26 130 оқушы шығармашылықпен айналысып, 30 сағат қосымша білім алады. Олар аула клубтары қатарында түрлі үйірмелерге қатысады. Ал 13 мыңнан артық өрен зияткерлік өнерлермен айналысып, көшбасшылық мектептерінде белсенділік көрсетеді.
Жуырда облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Аққайың ауданындағы «Оқжетпес» лагерінде болып, жаңа маусымның ашылуына қатысты. «Балалардың жазғы демалысты белсенді, мазмұнды әрі көтеріңкі көңіл-күймен бастағанына қуаныштымын», деп жазды ол өзінің әлеуметтік парақшасында.
Бұл лагерьде балалардың қауіпсіз әрі жайлы демалысы үшін барлық жағдай жасалған. Демалыс үйлері тегіс жөнделіп, аумақтары абаттандырылды. Сонымен бірге бейне бақылаулар орнатылып, сапалы тамақтану, медициналық қызмет және әр тақырыпқа арналған қызықты ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылған.
Солтүстік Қазақстан облысы